АТСУЫТҚАН ОБАЛАРЫ

АТСУЫТҚАН ОБАЛАРЫ — қола және ерте темір дәуірлерінен сақталған ескерткіштер. Қарағанды облысы Шет ауданы Жамбыл кентінен Солтүстік-шығысқа қарай 17 км, Атсуытқан тауының батыс жағындағы кең алқапта орналасқан. 1982 ж. Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы (жетекшісі Ж.Құрманқұлов) зерттеген. Екі үлкен обадай тұрады. диаметрі 10,25 м, биіктігі 2м. Үстіндегі тас пен топырақ үйіндісінің етегі тігінен көмілген қақпа тастармен көмкерілген. Обалардың Оңтүстік және Солтүстік жағы ені 3 м, тереңдігі 1 м, ормен қоршалған, шығысынан және батысынан үйіндіге ені 5 м-ге жуық жол қалдырылған. Босағасы тігінен көмілген биіктігі 2 — 2,5 м сынтастармен белгіленген. Осындай сынтастар ордың сыртқы жиегінде де болған. Обалар құрылысы Беғазы-Дәндібай мәдениеті кезінде салынған кесенелерге, ал сыртын қоршаған ор мен сынтастар Жетісудағы Бесшатыр обаларына ұқсайды. Соған қарап бұл обалар қола дөуірінің ақыры (б.з.б. 9 — 8 ғ.), ерте темір дәуірінің басында тайпа көсеміне арнап тұрғызылған деуге болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *