АТОМ ФИЗИКАСЫ — физиканың атом құрылысын және оның қасиеттерін зерттейтін саласы. Оның тарихы 19 ғ-дың соңында ашылған электрон мен радиоактивтіліктің қасиеттерін анықтаудан басталады. Атом туралы ұғым ертедегі гректерден бастау алды. Бірақ ол материяның бөлінбейтін тұтас бөлшегі деген теріс ұғым болып қалыптасты. Атом құрылысының күрделі екендігі Дж. Томсон ашқан электронның қасиеттерінен байқала бастады. Классикалық физика негіздеріне сүйеніп атомның құрылысы мен негізгі қасиеттерін теориялық тұрғыдан түсіндіруге тырысқан. Э.Резерфорд атом құрылысының моделін ұсынды. Бұл модельді атомның ядролық немесе планеталық моделі деп атады. Өйткені, атом құрылысы Күн жүйесіне ұқсас деп қарастырылды. Бірақ бұл модель атом құрылысының орнықты күйін және олардан шығатын сәулелердің қарқынын классикалық физика ұғымдары аясында түсіндіре алмады. Сондай-ақ атом құрылысына байланысы бар жаңа ашылған құбылыстарды да ескі физиканың шеңберінде (фотоэффект, дененің жылулық сәуле шығаруы т.б.) Резерфорд моделіне сүйеніп түсіндіру мүмкін болмады. Дегенмен, бұл модельдің дұрыстығын Резерфорд өз тәжірибесінде дәлелдеп берді. Сондықтан Резерфорд моделі мен классикалық физика арасындағы айтылған қайшылықтарды шешу үшін 1913 ж. Н.Бор өз қағидаларын ұсынды. Осының негізінде Бор сутегі атомының құрылысын, спектр заңдылықтарын түсіндіріп бергенімен атом дүниесіне қатысы бар көптеген күрделі құбылыстарды сол кездегі А. ф-ның шеңберіне сыйғыза алмады. Бор теориясында тиянақты атом теориясы бола алмады. Атом құрылысының және ондағы болатын түрлі құбылыстардың жүйелі теориясы микродүниенің кванттық заңдылықтары ашылғаннан кейін ғана пайда болды (1925 — 27 ж). Қазіргі заманғы А. ф-ның мазмұны осы кванттық теорияға негізделген. А. ф. атом теориясы, атомдық (оптикалық) спектроскопия, рентгендік спектроскопия, радиоспектроскопия, атомдар мен иондар соқтығысу физикасы тәрізді бөлімдерден тұрады. А. ф-ның жетістіктері физика, химия, астрономия, биология ғылымдарында, күрделі техника мәселелерін шешкенде кеңінен пайдаланылады. Атомдар мен иондардың ішкі құрылысын анықтау және олардың өзара соқтығысу заңдылықтарын зерттеу кванттық электроника және плазма физикасы тәрізді жаңа ғылым салаларының пайда болуына ықпал етті. А. ф-ндағы атом жөніндегі жүйелі ілім адамзаттың дүниетанымын кеңейтті.