АСТЕНОСФЕРА (көне грекше: asthees — осал және көне грекше: σφαῖρα — шар) — Жер шарының жоғары мантиясындағы қаттылық, беріктік және тұтқырлық қасиеттері төмен қабаты, литосфера төсеніші. Қатты заттан құралған астеносфераға кей жағдайда сұйықтық қасиеттер тән. Астеносфера аз ғана тектоникалық кернеулерәсерінен-ақ аққыштық қасиетке ие болады. Сөйтіп ол литосфера массасының гидростатикалық тепе-теңдік жағдайын сақтайды. Астеносфераның жоғарғы жапсары құрлықтарда орта есеппен 100 км тереңдікте, мұхит түбінде 50 км тереңдікте, ал төменгі шекарасы 250-350 км тереңдікте орналасқан. Астеносфера қабаты өзін көмкерген литосфера аумағындағы сан алуан эндогендік процестердің (тектоникалық қозғалыстар, магмалар әрекеті, метаморфтану т.б.) жүруіне әсерін тигізеді. Сондықтан Астеносфераның планетаның геологиялық даму тарихында алатын орны ерекше.