АҢЫРАҚАЙ ШАЙҚАСЫ

АҢЫРАҚАЙ ШАЙҚАСЫ (1729 жылдың мамыр — маусымы, кейбір деректерде 1730) — біріккен қазақ қолының жоңғар басқыншылығына қарсы жүз жылдық азаттық соғысында бетбұрыс жасаған ең ірі жеңісі. Болат ханның бастауымен үш жүз хандары (Жолбарыс, Сөмеке, Әбілқайыр), билер (Төле, Қазыбек, Ақсуат), сұлтандар, батырлар қатысқан Ордабасы жиынында (1726) бүкіл қазақ қолының бірігуі (бас қолбасшылыққа Әбілқайыр хан сайланған) жауға қарсы бірыңғай стратег. шабуылға шығуға мүмкіндік туғызды. Саяси және әскери бірлікке қол жеткізген үш жүз жасақтары 1728 жылдан бастап, Балқаш пен Шу бойына қарай жылжып, ұрысқа әзірлене бастады. Бұл кезде қалмақ қонтайшысы Севан Рабдан өліп, оның ұлы Қалдан Серен (Цэрен) билікке келген (1727). 1723 жылдан бастап еліміздің Шығысы мен Жетісуды, Оңтүстігін, Сырдарияның орта ағысына дейінгі өңірді басып алған жоңғарлар енді қазақ жерін тұтастай иелену ниетінде еді. Қазақтардың әрекетін сезген олар да Шу мен Балқаштың оңт-нде үлкен шеп құрды. Үш жүз жасақтары шешуші шайқас алдында Хан- тауында, Сұңқар тауында (кейін бұл жер Әбілқайыр тауы аталды) жиналды. Бұл таулардың бауырында “Үлкен Орда қонған”, “Кіші Орда қонған” деген жер атаулары күні бүгінге дейін сақталған. Шайқас солт. Балқаш, оңт. Отар даласы, батысы Шу, шығысы Күртіге дейінгі аралықтағы бедерлі жерлерде өткендігін бұл өңірде жиі кездесетін қазақ, қалмақ қорымдары дәлелдейді. Бұл қорымдар КСРО Бас штабының 1942 жылғы құпия карталарында көрсетілген. Аңырақай аталатын да — осы өңір. Шамамен көктемде басталып, жаз айларына ұласқан (40 — 45 күн) майданда біртіндеп басым түсе бастаған қазақтар Итішпестің Алакөлі (Балқаштың шығысындағы Алакөл емес) маңында ірі жеңіске жеткен. Балқаштан оңт-ке қарай 120 км жердегі бұл көл қазір Сорқұдық деп аталады. Көлдің ұзынд. 10 — 12 км, ені 2 км. Оның қасындағы шайқас өткен соғыс алаңының ұзынд. 30- 35 км, ені 20 км. А. ш-на 30-35 мың қазақ, 35 — 40 мың жоңғар әскері қатысты деген болжам бар. Орыс барлаушыларының деректеріне қарағанда 1723 — 25 жылдары қырғынға көп ұшырап, жері жау қолында қалған Ұлы жүз 10 мың жасақ шығарған. Орта жүз жауынгерлерінің саны 15 мыңдай болған. Адамдары көбірек сақталған Кіші жүз жер шалғайлығынан 10—15 мыңдай әскермен келді деп топшылауға болады. Үш жүз жасақтарының қимылын үйлестіру міндетін бас қолбасшы Әбілқайыр жүзеге асырды. А. ш. алғашқыда позициялық, күштерді барлау соғысы болды. Екі жақ та өңірдің таулы, жыралы бедерлерін өз мақсаттарына ұтымды пайдаланып, жауын аз шығынмен көп қыруға тырысып бақты. Қалмақ жағының қару-жарағы басым еді. Мылтықпен бірге өздерінде құйылған, Ресейден сатып алынған әр түрлі қашықтыққа атқылайтын зеңбіректері де болды. Қазақтар бұл кезде зеңбірекке қарсы ұрыс тәсілдерін меңгергендігін байқатты. Көптеген қазақ батырлары соғыс өнерін жетік білетіндігін көрсетті. “Ай қораланды”, “Құйрық жеу”, “Ашамай”, т.б. қазақтың байырғы ұрыс тәсілдерін кеңінен қолданды. Ұлы жүз қолын Жолбарыс хан мен Төле би, бұл қолдың құрамындағы дулат тайпасының әр руының қолын: сиқым Қара- батыр (Төле бидің күйеу баласы), жаныс Өтеген, ботбай Сәмен, шымыр Қойгелді, ошақтыларды Саңырық, ыстыны Төлек, шапыраштыны Қазыбек бек, албандарды Хангелді батырлар бастады. Орта жүз қолын қанжығалы Бөгенбай, шақшақ Жәнібек, керей Жәнібек, қыпшақ Тілеулі, қаракерей Қабанбай, абақ керей Жауғашар (Шақантай), Кіші жүз қолын тама Есет, шекті Тайлақ, т.б. батырлар басқарып, үлкен ерлік көрсетті. Қазақ садақшыларының жеке жасағын ошақты Саурық батыр басқарды. Кейбір деректерде болашақ ұлы хан. шамамен 17 — 20 жасар Әбілмансұрдың (Абылайдың) жауға “Абылайлап” шапқаны осы шайқас деп көрсетіледі, сіргелі Елшібек батырдың өз тобымен жау зеңбіректерін жарып жібергендігі айтылады. Шайқасқа болашақ қолбасы шапырашты Наурызбай да қатысқан. А. ш-нда көптеген батырлар жекпе-жекке шықты. Қанжығалы Бөгенбайдың Қалдан Сереннің інісі, қолбасы Шономен жекпе-жекке шығып, бірін-бірі жеңе алмағандығы айтылады. Шапырашты Бөлек батыр жекпе- жекте қалмақ Аңырақайды, шымыр Ақша батыр қалмақ Дәржіні (Дәржі атты жер бар) өлтірді. Бұл соғыста көптеген атақты батырлар — шымыр Ақша, күнту Барлыбай, сиқым Қарабатыр, т.б. шейіт болды. Итішпестің Алакөлі маңындағы соққыдан есін жия алмай қалған қалмақтар сусыз сортаң жерде шөлге ұшырап, одан әрі соғыса алмай Аягөз, Шарға қарай жөңкіле қашты. Бірақ қазақтар бұл жеңісті одан әрі дамыта алмады. Оған шайқастың соңғы жағында Болат хан жараланып, қайтыс болғаннан кейін басталған тақ үшін талас кедергі келтірді.Болат ханның інісі Сәмеке (Шахмұхамед) ұлы хандыққа сайланбады. Көпшілік Болат ханның баласы жас Әбілмәмбетгі қолдады. Бұған наразы болған Әбілқайыр майдан даласын тастап, Кіші жүздің қолын Ырғыз арқылы батысқа алып кетті. Орта жүз қолының көбісін Сәмеке хан соңынан ертіп солт-ке бет алды. Бірақ А. ш-ндағы жеңіс қазақ халқының рухын көтеріп, болашаққа деген сенімін бекітті. Бұл жеңіс көршілеріне қазақ хандығының қуатты ел екендігін паш етіп, Орта Азиядағы саяси ахуалды күрт өзгертті. Жау жағадан алғанда етектен тартқандар енді қазақ елімен санаса бастады. Халқымыз үшін А. ш-ның маңызы орыстардың Бородино даласындағы, Еуропаның біріккен қолының Ватерлоо, КСРО халықтарының Ұлы Отан соғысындағы Сталинград түбіндегі жеңістерімен бірдей. Аңырақай жеңісі тәуелсіздікті аңсаған қазақ елінің тұтастығын сақтап қала алатындығын айқын дәлелдеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *