АҢЫЗАҚ — ауа ылғалының тапшылығынан қалыптасатын ыстық (20 — 25°С) әрі құрғақ жел. Жылд. 5 м-ден 15 — 20 м/с-ке дейін өзгеріп отырады, ылғалд. 30%-тен төмен болады. Көбінесе, Қазақстанның оңт. аудандарында, әсіресе, Қызылқұм, Мойынқұм, Бетпақдала, Каспий маңы ойпаты, Маңғыстау, Үстірт өңірлерінде жиі әрі ұзақ болып тұрады. Жылына ыстық желдің ұзақт. 60 — 80 күнге дейін жетеді. Солт. Қазақстанның дала және шөлейтті өңірлерінде біршама азаяды (5 — 10 күн). А. жел — а. ш-на өте қолайсыз құбылыс. Оның әсерінен өсімдіктердің физиол. процестері (фотосинтез, көміртегі және белок алмасу) бұзылады. Нәтижесінде өсімдіктердің өнімд. төмендейді. А-қа қарсы күрес шараларының ең тиімдісі қар тоқтату және қолдан орманды алқаптар өсіру. Субтропиктік және тропиктік елдерде А-ты самум, сирокко немесе хамсин деп атайды.