АҢЫЗ

АҢЫЗ — фольклорлық проза жанры. Онда елдің, тайпа, рудың шыққан тегі, кешкен жолы хақындағы немесе тарихта болған әйгілі адамдар — хан, батыр, би, шешендер жайындағы, сондай-ақ нақтылы бір жер-су, сол жерде өткен оқиғалар турасындағы тарихи шындыққа негізделген, халықтың тарихи жадында сақталған, әйтсе де уақыт өте өңделіп, көркемдік сипат алған оқиғалар баяндалады. Тарихи тұлғалар қатысқан тарихи оқиғалардың баяндалуы, оқиға өткен уақыт шегі, жер атауының нақтылы көрсетілуі, танымдық, ретроспективтік сипат, белгілі дәрежедегі аймақтық шектелушілік (яғни әр жерде, негізінен, сол өңірде жасаған адамдар, болған оқиғалар туралы аңыздар көбірек таралады), сюжеттік-композиц. шарттылықтың сақтала бермеуі — аңыздың жанр ретіндегі ерекшеліктері. Заман алға озып, ел жадында тарихи тұлға көмескі тартып, тарихи оқиға елеске айнала бастағанда, әуелдегі әңгіме халықтың көркемдік таным тезіне түсіп, өзгеріске ұшырап, аңыз ретінде айтылатын болады. Айталық, қазақ батырлары жайындағы А-дарда көп ұшырасатын батырдың ұйықтап жатқанда аузына кірген жыланның басын тісімен қырқып тастауы сияқты сюжеттер аңыз жанрына ертегілерге тән сюжеттік стереотиптердің де жат еместігін айғақтайды. Қайсыбір А-дарда, тіпті, қиял- ғажайып ертегілеріндегі тылсым күштер, таза фантастик. кейіпкерлер де кездеседі. Мыс., Өтеген, Ағыбай батырлардың жезтырнақтармен соғысын баяндайтын аңыздар, т.с.с. А-дар шартты түрде, тақырыптық сипатына қарай, т а р и х и және т о п о н и м и к а л ы қ А-дар болып жіктеледі. Қазақ арасына көп тараған Абылай, Қабанбай, Бөгенбай, Олжабай, Райымбек, Сұраншы, Кенесары, Исатай, т.б. көрнекті тұлғалар туралы А-дар бірінші топқа жатса, екінші топқа нақтылы қоныстардың тарихын баяндап, оның қай кезде, қалай аталуының сырын ашатын А- дар кіреді.

Қазақ А-дарына алғаш назар аударған Ш. Уәлиханов пен Г. Потанин еді. Әйткенмен А. дербес жанр ретінде М. Әуезовтің еңбектерінде ғана қарастырыла бастады. Ол А-ға: “тарихта болған адамдар жайында айтылған, халықшығарған көркем әңгіме”, — деген анықтама берді. М. Ғабдуллин де осы пікірді қуаттай отырып, аңызды “аңыз әңгіме” деп атады да, оның жанрлық ерекшеліктерін айқындай түсті. А- дың жан-жақты зерттелуі С. Қасқабасовтың халық прозасына арнаған еңбектерінде жүзеге асты. Ол қазақ фольклортануында аңыздың “предание, легенда” сияқты жанрлық ұғымдардың әмбебап баламасы ретінде қолданылып жүргенін айта келіп, “аңыз” сөзін “предание (орыс. жеткізу, айту мағынасында), ал “әфсана” сөзін “легенда” (лат. оқылуға тиіс деген мағына- да) терминдерінің орнына пайдалануды ұсынады, аңыз бен әфсана-хикаят — қазақтың аңыздық прозасының көркемдік дамуындағы екі кезең екендігін дәйектеп, әрқайсысының дара жанрлық белгілерін нақтылы атап көрсетеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *