АҢШЫЛЫҚ — түз жануарларын аулау кәсібі. Қазіргі Қазақстан жерінде адамдар А-пен ежелгі палеолит дәуірінен айналысқан. Мыс., Үшбұлақ қойнауында (Қаратау қ- ның солт.-батыс жағында 36 км жерде) мустье дәуірінде өмір сүрген аңшылардың шағын топтарының қысқа мерзімді тұрақтарының ізі сақталған. Ондай тұрақтар суатқа келетін аңдарды (бизон, бұғы, киік, жылқы) андуға қолайлы бұлақ түбіне салынған. Соңғы палеолит дәуірінде ірі жануарларды аулау, адам қорегінің басты негізі болды. Мыс., адамдар Жайық өз-нің бойынан мамонттар мен жүндес мүйізтұмсықтарды аулап, олардың сүйектерінен әр түрлі кескіштер, қырғыштар, найзалар мен сүңгілердің ұштары, шанышқылар, лақтырылатын найзалар, сүйек инелер, біздер жасаған. Сонымен қатар адамдар аң терісінен киім тігуді де үйренген. Аң аулау дәстүрлері мен тәжірибелері ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, аң аулау шаруашылығы дамыған. Соған байланысты қазақтар арасында А-ты жақсы меңгерген мамандар: аңшы (аңды аулаушы), аңкөстік (аң аулаудың сырларын жетік меңгерген аңшы), құсбегі (қырандарды түрге, топқа жақсы ажырататын), бүркітші (бүркітті баптай алатын) және қағушы (бүркітшілерге қолғанат болатын) пайда болды. Олар аң аулаудың айла-шарғыларын (ор қазып, ұшпалардан ұшырып, қарға омбылатып аулау, тасқақпанмен, тормен, құмқақпанмен, тұзақпен ұстау, құспен, итпен қуу, түтін, жемтік салу, мұзға отырғызу, т.б.) жетік меңгерген. А. мақсатына қарай кәсіптік, спорттық-әуесқойлық және ғылыми болып бөлінеді. К ә сіптік А-тың мақсаты — аңдар мен құстардан ет, тері, мамық, қауырсын, мүйіз, т.б. өнімдерін алу. Өнімнің сапасы аңның түлеуіне, балалау мерзіміне байланысты белгіленеді. Спорттық- әуесқойлық А. аңдар мен құстарды белгілі тәртіппен аулап, табиғат саясында дем алу. Әуесқой аңшыға мемл. тарапынан шек қойылады. Ғыл. А-тың құрамына: аң ш-ның экон-сы, кәсіптік аңдар мен құстардың биол. ерекшеліктерін зерттеу, олардың сан мөлшерін көбейту, алынатын өнімді арттыру және сапасын жақсарту, аң аулау әдістерін, құралдарын жетілдіру мәселелері жатады.