АСПАЛЫ ЖОЛ — жүк және жолаушылар тасымалдауға арналған көлік түрі. Оның вагондары мен вагоншалары бағаналар арқылы тартылған болат арқан бойымен қозғалады. Алғаш рет 15 ғ-дың ақырында Батыс Еуропада салынды. А. ж-дың жүк тасымалдауға, жолаушыларға арналған, септестірілген, көтерме, релісті және сүйретпе түрлері бар. Жүк тасымалдауға арналған А. ж. қос болат арқанмен шеңбер бойымен жүргізіледі. Дербес секциялармен ұзартылған мұндай А. ж-дардың ұзындықтары 200 км-ге дейін (Швейцария) жетеді. 1,5-3,3 м/сек жылдамдықпен қозғалатын жүк вагоншалары сағатына 500-1000 т, ал аз қашықтыққа қарама-қарсы бағытта 10 м/сек жылдамдықпен қозалатын 1 немесе 2 вагонша сағ-на 150 т-ға дейін жүк тасымалдай алады. Септестірілген А. ж-дар вагондарымен жүк те, адам да тасылады. Көтерме А.ж-дардың көмегімен құлама жар жерден жүк артылған автомобильдер, плотинадан кемелер өткізіледі. Рельсті А.ж. сыңар релісті (монорелісті) және қос релісті болып келеді. Ол цех ішінде және цех аралығында жүк тасуға, қоймада жүк тиеу, түсіру жұмысында, сондай-ақ жолаушылар тасуға пайдаланылады. Жолаушы тасымалдауға арналған А. ж-да вагон немесе вагноша қос болат арқанмен жүргізіледі. Көбінесе, қарама-қарсы бағытта қозғалатын етіп салынады. Олардың әр вагонына 12-100 жолаушы отырады. Ал шеңбер А. ж-мен қозғалатын вагондар 4 адамдық болып келеді. Жолаушы тасымалдайтын А. ж-дың ұзындығы 12 км-ге, таулы аймақтарда биіктігі 3 км-ге дейін жетеді. Вагондары секундына 1,5-11 м жылдамдықпен жылжиды. Мұндай А. ж-дар Австрия, Швейцария, Италия, Франция, Жапония т.б. елдерде бар. 1967 ж. 4 қарашада Алматы мен Көктөбені жалғастыратын ұзындығы 1627 м жолаушылар тасымалдауға арналған А. ж. іске қосылған. А. ж-да әрқайсысына 25 адамнан сиятын 2 вагон қарама-қарсы бағытпен 6 м/сек жылдамдықпен ерсілі-қарсылы жүріп тұрады. Бір бағыттағы жолға 5 минут кетеді, сағатына 8 рейс жасалады. Таулы аймақтарда шаңғышыларды ілмегі бар болат арқанмен жылжыта жоғары тартып шығаратын сүйретпе А.ж-дар қолданылады. Мұндай А. ж. Қазақстанда 1954 ж. Алматы қ. маңындағы Шымбұлақ шатқалындағы тау-шаңғы кешенінде салынған. Ұзындығы 3100 м 2 аспалы жол (бір кісілік орындықты және сүйретпелі) демалушылар мен спортшыларды 800 м биіктікке көтереді.