АСКАРИДОЗ (ascarіdosіs) бөсір — адам мен жануарлар денесінде тіршілік ететін жұмыр құрттардан (нематодтардан) пайда болатын ауру. Қоздырғышы — Ascarіs lumbrіcoіdes. Ол адам денесінде жұптасып өмір сүреді. Жұмыртқасы нәжіспен сыртқа шығады, бірақ 14 күнге дейін топырақта тіршілігін сақтайды. Жуылмаған көкөністерді, жеміс-жидектерді жегенде, қайнатылмаған суды ішкенде құрттар адам денесіне түсіп, ауру туғызады. Әсіресе А-бен балалар көп ауырады. Аурудың алғашқы және асқынған кезеңдері болады. А-дың алғашқы кезеңінде баланың дене қызуы аздап көтеріліп, жөтеледі, кейде кеңірдек-өкпе қабынулары, сирек болса да аяқ-қол басында қызарған бөртпелер пайда болады. А-дың асқынған кезеңінде бала тәңертеңгілік жүрегі айнып құсады, іші өтеді. Кейде іші қатады, ішектері қатты ауырып түйіледі, денесін аллергиялық бөртпелер басып, демігеді. А-ды серологиялық реакциялар, рентген т.б. қолдану арқылы анықтайды. А-ды құрттарға қарсы препараттар ішкізу, асқазанға таза ауа жіберу арқылы емдейді. А-дан сақтандыру жолдары: қолды сабындап жуу, жеміс-жидектерді таза сумен жуып жеу, қоғамдық орындарда тазалық сақтау.