АСАН ҚАЙҒЫ (Хасан) Сәбитұлы (14 ғасырдың ақыры – 15 ғасырдың басы) – мемлекет қайраткері, ақын, жырау, би, философ. Әз Жәнібек ханның ақылшысы болған. Әкесі Сәбит Арал өңірінің Сырдария жағасын мекен еткен. Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, «Жеті әулие» қорымындағы Асан ата кесенесі - Асан Қайғы мазары делінеді. А. Қ. заманында Алтын Орда ыдырап, оның орнына Қырым, Қазан, Өзбек хандықтары пайда болды. Ноғай ордасы тарап, Қазақ хандығының тарих сахнасына шығуы хандықтар арасындағы қым-қиғаш талас-тартысты аласапыран кезеңмен тұспа-тұс келді. Кейінгі ұрпақ әулие танып, аты аңызға айналған “көшпелілер философы” (Ш. Уәлиханов) атанған А. Қ “өзінен калған қысқа сын болжаулары, өсиеті арқылы өзінің жайынан да, заман аңғарынан да бірталай көрініс, білік-дерек береді” (М. Әуезов). А. Қ. қазақ халқы ұсақ хандарының басын біріктіріп, іргелі ел етпек болған Керей, Жәнібек сұлтандарды жақтайды. Шу мен Арал аралығында Қазақ ордасы құрылған кезде А. Қ. жаңа мемлекеттің ұраншысына айналады. Ішкі саясатта жер-су, жайылым, қоныс үшін қақтығыстар мен қайшылықтарды реттеу, ел-жұртының хал-ахуалын жақсарту мақсатында А. Қ. хан алдына өзінің “ымыраға келу теориясын” ұсынған. Хан мен қара бұқара арасындағы қарым-қатынасты ушықтырмай, әділет тұрғысынан шеше білген. Сыртқы саясатта халқының өсіп-өркендеуіне ұйтқы болып, қазақ қоғамының үлгісін жасаған. Ол іздеген “Жерұйық” шұрайлы қоныс қана емес, елін, жұртын сыртқы жаулардан қорғайтын жол, жаңа қоғамның үлгісі, қазақ халқын тарих сахнасында сақтап қалу бағдарламасы. А. К, осы тарихи ойларын хандармен, сұлтандармен, билермен, әсіресе, Жәнібек ханмен арпалысып жүріп, іске асырмақ болған. Елі мен жұртының болашағы туралы қатты қайғырып толғанған абызды халық А. Қ. деп атаған. Ол жаңа хандыққа үлкен үміт артып, қазақ халқының бақытты болашаққа жетуін көксеген. Осы мақсатты көздеп ол сол хандыққа қазақ руларының түгелдей енуіне күш-жігерін жұмсаған. А. Қ. елінің сулы-нулы, шөбі шүйгін, құтты қоныс тауып, “адамы жүзге келмей өлмейтін, қойы екі төлдейтін” мамыражай, еркін өмір сүруін аңсады. Бұл мұратын жырау “Жерұйық” деп атады. Алты атанға жүк артып, алты жыл жайлы қоныс қарап, қазақ жерін түгел шолып шығады, әр қоныс, мекенге байыпты сын, баға беріп отырады. Бұл бағалары әлі күнге дейін ел аузында ұмытылмай айтылып келеді. Жыраудын “Жерұйықты” (кейде “Жиделібайсын” делінеді) іздеуі атақты Томас Мор “Утопиясы” (1516 ж.) мен Томмазо Кампанелланың “Күн қаласы” шығармасындағы (1602 ж.) қиял-армаңцарымен ұштасып жатыр. Жыраудың бір алуан толғаулары Әз Жәнібек ханға арналған. Ол ең әуелі ханның айналасына көз салмай, шабылып жатқан халқының жағдайын ойламай бейғам отыруына наразылық тұрғысында айтылады: “Қымыз ішіп қызарып, Мастанып неге терлейсің, Өзіңнен басқа хан жоқтай, Елеуреп неге сөйлейсің?”. Ертеңгі халық болашағын Жәнібек ханның ақыл-айла, көрегендігімен тығыз байланыста алып қарайды. Осы арнауында жырау күн-шығысқа көз алмай қарайтын көрші патшалықтан сақтанудың қажеттігін арнайы ескертеді: “Қилы-қилы заман болмай ма, Суда жүрген ақ шортан Қарағай басын шалмай ма?”. А. Қ. осы “ақ шортан” мен “қарағай” бейнесін келесі бір толғауында кеңірек ашып, орыс патшасы отарлауының мән-жайын алдын ала айтып, көрегендік танытады. Халық басына төнген бұл қауіптің зардабын, оның немен тынатынын да дәл болжайды: “Ол күнде қарындастан қайыр кетер, Ханнан күш, қарағайдан шайыр кетер, Ұлы, қызың орысқа бодан болып, Қайран ел, есіл жұртым сонда не етер?” А. Қ-ның жыр, толғаулары, негізінен, үлгі-өсиет, мақал-мәтел іспеттес болып құрылады. Жырау ру-тайпалық одақтардың генеалогиясын, халықтық әдет-ғұрып, дәстүрлерді дәріптеп, өмір сүрудің мәні туралы, жақсылық пен жамандық, әділдік пен зұлымдық, үлкенді сыйлап-қастерлеу, олардың ақылын алу, бір-бірімен босқа қырқыспау, бейбіт өмір кешуге, ізгі ниетті, қарапайым, адал, шыншыл, иманды болуға шақырады: “Өлетұғын тай үшін, Қонатұғын сай үшін, Желке терің құрысып, Бір-біріңмен ұрыспа”. Түсіністікпен үйлесімді өмір сүру үшін әр адам өзін-өзі жетілдіруі қажет, ізгілікті болу — бүкіл адамзат атаулының бәріне ортақ дейтін гуманистік тұжырым жырау шығармашылығының негізгі арқауы: “Әділдіктің белгісі, біле тұра бұрмаса. Ақылдының белгісі, өткен істі қумаса. Жамандардың белгісі, жауға қарсы тұрмаса…”. Енді бір алуан жырлары тұрмыста түйген ой-тұжырым, болжау түрінде келеді: “Құйрығы жоқ, жалы жоқ, құлан қайтіп күн көрер, Аяғы жоқ, қолы жоқ, жылан қайтіп күн көрер?” А. Қ есімі тек қазақ халқына ғана емес, басқа да ағайын халықтарға (қырғыз, қарақалпақ, ноғай, т.б.) кеңінен тараған. Бұл орайда жырау толғауларындағы жоғарыдағыдай филос-лық және психол-лық мәні зор қанатты сөздердің атқарған өзіндік рөлі ерекше.
А. Қ-ның филос. дүниетаны-мы үш бағытқа бөлінеді: 1) этикалық дүниетаным — ұлы жыраудың филос. ойларының өзегін құрайды. Адам, адамшылықтың басты қасиеттері, олардың мәні мен сипаты жоғары имандылық деңгейінде қарастырылған. Поэтик. формамен берілген этик. ұғымдар, түсініктер, қағидалар Шығыс өркениетіне тән ерекшеліктермен сабақтастық тауып, адамгершіліктің алуан қырлы болмысын айқындайды; 2)поэтикалық зерде және философияның қазақ дүниетанымында егіз ұғым екенін жырау өз толғаулары арқылы толық дәлелдеп берді: Адам өмірінің мәні, мақсаты, өлімнің растығы, қоршаған дүниені тану мәселелері А. Қ. философиясының басты бағыттары; 3) А. Қ гуманизмі, адамға деген сүйіспеншілігі тарихи сана арқылы түркі халықтарының жадында сақталған. Ноғай, өзбек, түрікмен, қырғыз, қарақалпақ халықтары арасында А. Қ. есімі ілтипатпен аталып, құрмет тұтылады. Оның ақылдық ойы мен жыраулық филос-сы өзінің танымдық құдіреттілігімен ерекшеленеді. Қазақ халқы ғасырлар бойы тарихи сатыларында А. Қ. есімін үстемдікке, озбырлықа, әділетсіздікке қарсы ұстанған ізгілік символына айналдырды.