АСАНҚОЖА ҚОРЫМЫ (17-20 ғ.) — тарихи ескерткіштер кешені. Қорым Ақтөбе облысы Байғанин ауданындағы Оймауыт ауылынан Оңтүстік-батысқа қарай 50 км қашықтықта (Жем өңірінің алабында) орналасқан. ауданы 250×210 м, ұлутастан қиылған 250-ден астам кірпіштен салынған. Мазар сағанатас, қойтас, құлпытас, сандықтас, т.б. ескерткіштерден тұрады. Асанқожа қорымында жиі ұшырасатын, өте шебер жасалған ою-өрнектермен әшекейленген құлпытастар мен қойтастардағы араб әрпімен қазақ тілінде жазылған деректер мен ру таңбаларының тарихи-этнографиялық маңызы зор. Қорымның көптеген құрылыстарынан нақыштап тас қашаудың асқан шеберлігін байқауға болады. Егеу, қашау, тасты бедерлеу, өңдеу, шабу, бояу арқылы ескерткіштер жасау бұл өнірде колөнердің жақсы дамығандығын көрсетеді. Батыс Қазақстандағы осы бейіттерге қойылған әр түрлі ескерткіштерден жерлеу жол-жорасының дәстүрлі үлгісі айқын аңғарылады. Асанқожа қорымы республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізіліп, мемлекет қамқорлығына алынған.