АСАЙМҰСА (лат. Abelia) – ұшқаттар тұқымдасына жататын бұталы өсімдіктер. Батыс Тянь-Шаньның тасты, шатқалдытау бөктерлерінде, әсіресе, аршалы, жаңғақты ормандардың арасында өседі. Қазақстанда қалқанды асаймұса (Abelіa corуmbosa) түрі бар. Оның биіктігі 2 – 3, кейде 4 м-ге жетеді. Бұтақтары ақшыл, кейде қоңырқай түсті. Жас өркендері қысқа, жіңішке, сырты қалың түкті болып келеді. Жапырақтары қарама-қарсы орналасқан, қандауыр немесе сопақша пішіндес, бүтін жиекті, ұзындығы 1,5 – 5 см. Ақшыл, қызғылт гүлдері қысқа гүл сағағына бекіп, сирек гүлді қалқанша-шоқпарбас гүлшоғырын құрайды. Жемісі қандауыр тәрізді, етті, бір тұқымды. Маусым – шілде айларында гүлдеп, тамыз – қыркүйекте жеміс береді. Асаймұса сәндік гүл ретінде өсіріледі. Сүрегі өте қатты, олар әр түрлі бұйымдар (қамшысап, асатаяқ, мүштік, т.б.) жасауға пайдаланылады.