АРҚАТ ТАУЫ – Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданы жеріндегі тау. Оңтүстік-батысында Қарағайлы тауымен шектеседі. Абсолюттік биіктігі 914 м. Батыстан шығысқа қарай 15 км-ге созылып жатыр, ені 5 – 7 км. Солтүстік беткейлері сай-жыралармен тілімденген, оңтүстігі тіктеу келген. Тау карбон кезеңінің жыныстарынан түзілген, етегін төрттік кезеңнің шөгінділері жауып жатыр. Шалғынды қызыл қоңыр топырағында негізінен ши, ажырық, жусан, т.б. өсімдіктер өседі. Кейде адам мүсініне, кейде аң-құсқа ұқсайтын түрлі жақпартастардан құралған таудың сұлу көрінісі осы жерде болған жиһанкездерді (П.П.Семенов Тянь-Шанский, Н.М. Пржевальский, Ш.Уәлиханов, А.Янушкевич) ерекше таңырқатқан. А.Құнанбаев, Ш.Құдайбердіұлы, М.Әуезов, т.б. қазақтың көрнекті тұлғалары Арқат тауының көлдерінде (|Қопа, Аймақкөл) суға шомылған, жағасында аң-құс атқан.