АРҚАРЛЫ АЛТЫН КЕН ОРНЫ — Алматы облысы Кербұлақ ауданы Арқарлы тауының маңынан ашылған. Жалпы қоры 1955 жылы анықталды.Археологиялық зерттеулердің деректері бойынша адамдарға ерте заманнан белгілі болған. Кен орны Арқарлы антиклиналінің оңтүстік қанатын алып жатыр. Жоғарғы палеозойдың тектоникалық-магмалық циклінің аяғына таман осы аймақта эффузивті-пирокласты қалың қабаттар қалыптасқан. Жанартаулық процестер нәтижесінде кентассыз қайталама кварциттер түзілген. Кейіннен бұл кварциттерге трахиандезит-трахибазальт экструзиялары және орта қышқылды сығылмалар (дайкалар) қосылған. Олардағы гидротермальдық процестердің нәтижесінде алтыны бар кварцты және кварц-калишпатты желілер түзілген. Кен орны бірнеше алаңға жіктелген. Алтынды кварц желілердің қалыңдығы 0,5-0,3 м, ұзындығы 150-160 м.Кен денелерінің негізгі минералдары кварц, адуляр, хлорит. Сонымен бірге пирит, сфалерит, галенит, гематит, т.б. кездеседі. Саф алтыны микробөлшекті, ұсақ түйірлі немесе дендриттәрізді болып қалыптасқан. Арқарлы алтын кен орны негізінде кеніштер мен карьерлер жұмыс істейді.