АРҚАЛЫҚ — Қарағанды обл-ндағы Қарқаралы ауд-ның солт.-шығысындағы ұсақ шоқылытау. Қу тауынан (Балқантаудан) солт.-шығысқа қарай 25 км-ге созылып жатыр. Енді жері 10 — 15 км. Көптеген құрғақ аңғарлармен, сай-жыралармен тілімденген жекелеген шоқылардан тұрады. Оңт.-батыс беткейлері тік, солт.-шығысы көлбеулеу болып келеді. Батыс бөлігі кембрий, орталық бөлігі ордовик жыныстарынан түзілген. Аласатаулық қара қоңыр топырағында қараған, тобылғы, бетеге, қылқан селеу, сұлыбас, бөрте жусан, суық жусан, аңғарларында түрлі бидайықты шалғын өседі. Қыста мал жайылымы ретінде пайдаланылады.