АРҒЫНБАЙ Жұмажанұлы (1929., МХР, Баян-Өлгий аймағы, Толбо — 1993, Павлодар обл. Баянауыл ауд.) — ақын, драматург. Алматыдағы Қазақ пед. ин-тын бітірген (1954). Баян-Өлгий аймағында әдеби үйірме ұйымдастырып, “Шұғыла” әдеби журналының тұңғыш редакторы болған (1955). А-дың “Біздің өлкеде”, “Меңдікөл”, “Адам туралы аңыз”, “Тақпақтар”, т.б. өлеңдер жинағы, “Бірлестіктер”, “Сандуғаш”, “Ертіс шындығы” пьесалары, “Шайқас алдында”, “Домбыра сазы” атты киносценарийлері бар. А. монғол жазушылары Д. Намдаг, Л. Түдэв шығармаларын қазақ тіліне аударды. Ақынның төл шығармалары монғол, орыс, болғар, алтай тілдерінде жарық көрді. Ата- жұртқа алғашқылардың бірі болып оралды.