АРҒЫН — қазақ халқын құраған тайпалардың бірі. Шежіре бойынша Орта жүз құрамына енеді. М.Тынышбаевтың айтуынша 20 ғ-дың басында 6 млн-ға жуықтаған қазақтар ішіндегі сан жағынан ең көбі де (890 мың адам) А-дар болған. Ежелгі қонысы — Ертіс, Нұра, Есіл, Торғай өз-дерінің бойлары мен Балқаш к-нің солт-ндегі шөлейт өлке. Арғындардың арғы тегін “Орхон-Енисей” ескерткіштеріндегі (қ. Орхон жазба ескерткіштері) жазуларда кездесетін “ұлық-арғұн”, 5 ғ-дағы Қытай жазбаларында ұшырасатын Гаугуй (алун) тайпаларымен, монғол тіліндегі “он” деген сан есімді білдіретін “арғын”сөзімен байланыстыра қарастыратын пікірлер бар. “Арғын” атауын көне түрік тіліндегі “батыс ғұн” дегеннен шықты дейтін де тұжырым да кездеседі. Орыс зерттеушісі Н. Аристов А-ды қытай жылнамаларында “башмыл” (орхон жазуларында “басмыл”) деп атаған тайпалармен тікелей байланысы бар деген қорытынды жасайды. Аристовтың мұндай пікір айтуына 13 ғ-дың атақты жиһанкезі Марко Полоның кітабындағы “Теңдік” деген аймақта “аргон” деп аталатын халық бар, ол екі рудан, теңдік арғындарынан және Мұхамедке табынатын теңдіктерден тұрады” деген жазбалары себепкер болғанға ұқсайды.
Марко Полодан 2 ғ. бұрын өмір сүрген Махмұд Қашқари түрік жұртының қатарында “басмыл” деген ел бар, оның Шын еліне дейін ұласып жатқан қонысын “Басмылдар даласы” деп сипаттай отырып, “көп аргу” атауы жөнінде де сөз қозғайды. Көне түрік тілінде “аргун” сөзі “көп”, “қалың” мағынасын білдірген. Демек бұл тұжырымдар әуел баста “басмыл” кейіннен “арғын” деп аталған елдің кезінде қазақ шежіресінде “құрама” деп аталатын қауымдастыққа ұқсас, әр текті рулардың одақтастарынан құрылған қалың ел болғанын көрсетеді. Бұлай деуге дәйекті себептер 8 — 9 ғ-лардағы қытай жазбасында “башми” түрінде айтылатын ел құрамына 40 рулы ел кіргендігі баяндалады. “Қырық рудан құралған” — деген сөз қазақта да бар. 8 ғ-да тибет тілінде жазылған “Теріскейдегі елдерді барлау мәліметі” атты құжатта: “Басмылдардың бес тайпасы ұйғыр, қарлұқтармен бірлесе отырып, түріктердің обуқшар қағанатын ойсырата жеңіп, оның орнына басмыл көсемі қаған болды. Кейінірек ұйғырлар мен қарлұқтар бірігіп басмыл көсемін өлтірді” — делінеді.
Ұйғыр мен қарлұқ одағынан жеңілген басмылдар ыдырап, басқа тайпаларға сіңісіп кетсе керек. Қытайдың Таң патшалығы дәуіріндегі жылнамалардың бірінде қарлұқтардың бір ұлысы Сопы аталса керек. Осы “сопы” сөзі қазақ рулары ішінде тек А. құрамына кіретін мейрамсопы, ақсопы, қарасопы, сарысопы сияқты рулар аттарында ғана сақталған. Демек Түрік қағанаты кезінде Алтай таулары мен Аргун өз-нің арасында көп рулы басмыл тайпасының, кейіннен Тарбағатай, Алакөл, Іле маңын, соңғы ғасырларда Сарыарқа төскейін мекендеген қалың А-ның ата-тегі осы сопылардан таралуы да мүмкін. Қазақ шежіресінде А-дар Бәйбіше арғын, Тоқал арғын болып екіге бөлінеді. Ергүл бәйбішеден өсіп-өнген А-ға жататын рулар бірлестігі “Бес Мейрам” атанады. Олар қуандық, сүйіндік, бегендік (қозған), шегендік (қақсал) және қаракесек (болатқожа).
“Абылай аспас арқаның сары белі, Қуандық пен Сүйіндік жайлайды елі” деп өлеңде айтылатындай А-ның ең беделдісі осы Бес Мейрам бірлестігі. Бұлар Ақмола, Баянауыл және Қарқаралы өңірін мекен еткен. Тоқал арғынға жататындар Момын ананың атына байланысты “Жеті Момын” атанады: қанжығалы, тобықты, бәсентиін, қарауыл, атығай, сарыжетім, шақшақ. Бұлар 19 ғ-дың ақыры мен 20 ғ-дың басында Көкшетау, Ерейментау, Ертіс, Шыңғыстау және Торғай өңірін мекен еткен. “Жауған қардай, шөккен нардай” Қанжығалы Бөгенбай сияқты қаһарманды, Абай сияқты кемеңгер ақынды берген осы Жеті Момын елі. А. тайпасының ұраны — “Ақжол”, таңбасы — “көзтаңба” (00).