Арық-бұға (т.ж.б. — 1265/66) — Шыңғыс хан империясының ханы (1260 — 64), 1259 — 66 ж. империядағы билік үшін күреске белсене араласқан. Шыңғыс ханның баласы Төлейдің 10 ұлының алтыншысы. Төлейдің бәйбішесі Соркуктани-бегімнен Мөңке, Құбылай, Хулагу және А.-Б. туады. Соркуктани-бегім — Керей ханы Онның інісі Жақанбудың қызы. Ұлы хан Мөңке қайтыс болғаннан кейін (1259) Қытайда Құбылай, Монғолияда А.-Б. бір мезгілде (1260) таққа отырған. Екеуі Шағатай ұлысын иелену үшін күрес бастады. Құбылай бұл ұлысқа Шағатайдың немересі Абишкені аттандырады. Оны Таңғұт жерінде А.-Б-ның адамдары қолға түсіреді. А.-Б. Шағатайдың басқа бір немересі Алғұйды өз атынан атасының (Шағатайдың) ұлысына жіберді. Алғұй Мауереннахрды иеленіп, Шағатай ұлысына енбеген Хорезм мен Ауғанстанды бағындырды. Өз билігін орнатқан Алғұй А-Б-ға бағынбай, оның елшілерін өлтіріп (1262), оған қарсы соғыс ашты. А.-Б. Алғұйды жеңгенімен Құбылайдан жеңіліс табады да, Монғолияны тастап, Ертістің жоғары жағына кетеді. Жанындағы көптеген сұлтандар мен әмірлер оның орынсыз қаталдығына төзбей Құбылай жағына өтеді. Биліктен күдер үзген А.-Б. өз еркімен кешірім сұрап Құбылайға келді (1264). Бұдан кейін А.-Б. ауырып, ұзақ өмір сүре алмады. Рашид әд-Диннің мәліметі бойынша оның 5 ұлы, 17 немересі болған.