АРЫСҚҰМ МҰНАЙ-ГАЗ КОНДЕНСАТ КЕН ОРНЫ — Қызылорда облысы Жосалы темір жол станциясынан солтүстікке қарай 120 км жерде. 1985 жылы ашылған.Арысқұм грабен-антиклиналінің орталығы бөлігіндегі антиклиналдық иілімді алып жатыр. Кен шоғыры төменгі бор жыныстарына байланысты түзілген. Оның жалпы қалыңдығы 20 м шамасында, тиімді қалыңдығы 12-15 м, мұнай сіңірілген қалыңдығы 3,2-12,6 м. Коллектордың кеуектілігі 17,4е, өткізгіштігі 0,054 мкм2.Кен әлсіз цементтелген гравелиттен, құмнан, құмтастан, алевролитген тұрады. Бастапқы қабат қысымы 10,49 мПа, темп-расы 44°С болған. Газдық фактор 39,7 м3/т. Ұңғыманың тәуліктік өнімділігі: мұнай бойынша — 60,9 м3, газ — 69,62 мың м3. Кеннің мұнайы жеңіл (0,854 г/см3), құрамында күкірт (0,46%), парафин (9,7 — 27,2%), шайыр (16,65%) бар. Газ, негізінен, метаннан 93,86% тұрады. Газдағы конденсат мөлш. 9,4 — 15,2 г/м3, оның тығызд. 0,738 — 788 кг/ м3. Кен орны “Тұран петролеум” біріккен кәсіпорнына игеруге берілген (1995).