АРЫСТАНБЕКОВ Хайдар Арыстанбекұлы (30 наурыз 1919 жылы туған, қазіргі Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы Абай ауылы) – экономика ғылымдарының докторы (1954), профессор(1960), Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясының мүшесі (1962), Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ауыл шаруашылық қызметкері (1968). Қазақ ауыл шаруашылық институтын (1941), Мәскеу жоғары партия мектебін (1945) бітірген. 1941–63 жылдары әр түрлі жауапты қызметтер атқарды. 1963–81 жылдары Қазақ ауыл шаруашылық институтының (қазіргі Қазақ ұлттық аграрлық университеті) ректоры 1981–90 жылдары осы институтта кафедра меңгерушісі, профессор болды. Оның негізгі ғылыми еңбектері орман қорын қорғау, оны тиімді пайдалану, топырақты жер, су эрозиясынан сақтау мәселелерін зерттеуге арналған. Арыстанбеков сондай-ақ Қазақстанда ауыл шаруашылығы ғылымын қалыптастыру мен дамытуға, ауыл шаруашылығын өркендету және білікті мамандар даярлау мәселелеріне үлкен үлес қосты. Тың және тыңайған жерлерде жаңадан ірі астық кеңшарларын ұйымдастыруда көп еңбек сіңірді. Оңтүстік Қазақстанда ауыл шаруашылығын өндірісін басқару, жоспарлау ісін ұйымдастыру түрлері мен әдістерін жетілдіру жөніндегі арнайы шаралар жүйесін жасап, тәжірибеге ұсынды. 5-сайл. КСРО Жоғары Кеңесінің дептутаты. 3–4, 7–9-сайл. Қазақ КСР-і Жоғары Кеңесінің депутаты болды. Қазан революциясы, 2 рет Еңбек Қызыл Ту ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталған.