АРШАЛЫ – Есіл алабындағы өзен. Солт. Қазақстан обл. Зеренді ауданы жеріндегі Айдабол көлі маңынан бастау алады. Ақмола обл-ндағы Қалқұтан өзеніне құяды. Ұзындығы 174 км, су жиналатын алабы 4160 км2. Басты салалары – Түкті, Кеңащы және Қоңыр. Жоғарғы ағысы Көкшетау қыратымен өтіп, төменгі ағысы төбелі жазықпен ағады. Салаларының жалпы ұзындығы 514 км. Орта ағысында аңғарының ені 1 – 2 км-ге жетеді. Еріген қар және жер асты суларымен толығады. Сағасындағы жылдық орташа су ағымы 2,44 м3/с. Суы көктемгі тасқын кезінде тұщы (200 – 300 мг/л), жазда тартылғанда ащы (450 – 500 мг/л) болады. Алабы толық игерілген, көпшілік бөлігі жыртылған. Шабындыққа, мал жайылымына пайдаланылады. Жаңа Қалқұтан ауылы тұсында өзен арнасы бөгелген. Бөгеннің көлемі 650 мың м2.