АРХЕОПТЕРИКС

АРХЕОПТЕРИКСархеорнис (Аrchaeopteryx) — ертеде тіршілік етіп, жойылып кеткен кесіртке құйрықты құстар. А. ежелгі қанатты құс деген ұғымды білдіреді. 1860 — 61 ж. Баварияның (Германия, юра кезеңінде, бұдан 140 млн. жыл бұрын) құмды-сланецті тау жыныстары арасынан оның қауырсындарының таңбасы мен қаңқа қалдықтары табылған. Қазіргі кезге дейін сол аймақтан А- тің 5 қаңка қалдығы табылып зерттелді, оның 2-уі Нидерланды, Батыс Германия музейлерінде сақталған. А-тің қалдықтарын зерттеген ғалымдар оның А. lithographica деген бір ғана түрі болған деп есептейді. А-тің тұрқы сауысқан тәрізді, оның дене құрылысында бауырымен жорғалаушыларға да, құстарға да тән белгілері болған. Тұмсығында мүйізді жабыны жоқ, жақ сүйектерінде тістері болған, құйрығы ұзын 20 шақты омыртқадан тұрған. Қанатының ұшындағы жеке 3 саусағында өткір тырнағымен ағаш басына өрмелеп тіршілік еткен. Алысқа ұша алмаған, тек қалықтап ағаштан ағашка қонған. Төс сүйегі қырсыз әрі ол қабырғаларымен жалғаспаған, миы нашар дамыған, денесі тұтас қауырсынмен қапталып, аяқ сүйектері құстарға ұқсас болып келген. Құстардың шығу тегін зерттеуде А. қалдықтарының маңызы зор. 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *