АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ КАРТА – белгілі бір аймақтағы археология, мәдени, ғұрыптық, тағы басқа ескерткіштердің орналасуына, пайда болған дәуіріне архитектураерекшеліктеріне, зерттелуіне жан-жақты ғылым сипаттама беретін арнаулы жинақ. археологиялық карта археология зерттеулердің барлау және қазба жұмыстарының қорытындылары бойынша жасалады. Осыған байланысты белгілі бір өңірдің археологиялық картасы сол өңірді археология тұрғыдан зерттеудің жай-күйін көрсетеді.
Археологиялық картаға енген ескерткіштер мемлекет қамқорлығына алынып, заңмен қорғалады. Қазақстандағы кейбір археология ескерткіштер 19 ғасырда әр түрлі археологиялық карталарға енген. Еліміздің археология ескерткіштерінің біртұтас археологиялық картасын жасау ісі 50-жылдары К.А.Ақышевтің жетекшілігімен басталып, 1960 жылы «Қазақстанның археология картасы» жинағы (орыс тілінде) баспадан шығарылды. Оны әзірлеуге көрнекті археолог-ғалымдар Е.И.Агеева, Г.А.Кушаев, А.Г.Максимова, Т.Н.Сенигова, А.М.Оразбаев, Г.И.Пацевич, М.К.Қадырбаев қатысқан. Жеке облыстар бойынша дәуір-дәуірімен жүйеленіп жасалған бұл археологиялық картаға 5 мыңнан астам ескерткіш енгізілген. Жинақ соңында библиография және география көрсеткіштер берілген. 20 ғасырдың 80-жылдары Қазақстанның әрбір аймағына арналған археологиялық карталар жасау қолға алынды. Оның Оңтүстік Қазақстан облысы аумағындағы ескерткіштерді қамтитын алғашқы томы «Свод памятников истории и культуры. Южно-Казахстанская область» деген атпен 1994 жылы баспадан шықты.