АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ БАРЛАУ 

АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ БАРЛАУ – тарихи көне ескерткіштерді зерттеу, орнын табу, ғылыми тұрғыда тіркеу.1960 жылдары Қазақстанның археологиялық картасын жасау және 1980 жылдардағы тарихи ескерткіштердің жинағын құрастыру кезінде Қазақстан жерінде көптеген барлау жұмыстары жүргізілді. Археологиялық барлаудың негізгі ғылыми мақсаты – белгілі бір географиялық аудандағы көне замандарда өмір сүрген халықтардың тұрмысын, өнерін, діни нанымдарын зерттеп тексеруге қажетті материалдық деректерді іздеп табу, олардың топографиялық жобаларын жасау, суретке түсіру, типтерін тізімге алу, ескерткіштер мен жергілікті табиғи-ландшафтық жағдайлардың арасындағы байланысты анықтау, тағы басқа шаралар. Кейбір жағдайда археологиялық барлау жазба немесе басқа да деректер бойынша ескерткіштердің дәл орнын анықтау, олардың орналасу заңдылықтарын белгілеу мақсатымен де жүргізіледі. 

Археологиялық барлау жүргізудің белгілі мерзімінде, алға қойған мақсатына байланысты көптеген әдістері бар. Мысалы, көне замандардың жер үстінде белгілері аз ескерткіштерін жазғытұрым және күз айларында тексеру нәтиже береді. Кейбір археология ескерткіштерді таңертең немесе түс қайта күн сәулесі жерге белгілі бір бұрышпен түсіп тұрғанда іздейді. Барлау кезінде жер бедері мен ескерткіштердің орналасуы арасындағы байланыс та ескеріледі. Мысалы, көне тас дәуірінің тұрақтары тек биік жерлерде, үңгірлерге, неолит дәуірінің тұрақтары – көлдер жағалауы мен бастау (қайнар) басында, қола дәуірінің қоныстары – суға жақын тау немесе төбелер мүйісіне таман, ал алғашқы темір дәуірінің ескерткіштері – малға қолайлы жерлерге орналасады. Археологиялық барлаудың негізгі әдістері – карта немесе аэроғарыштық суреттерді пайдалану арқылы геодезия, электрмагниттік, т.б. құралдар көмегімен тексеру. Соңғы кезде электрмагниттік негізде жасалған әр түрлі металл іздеуші құралдар пайдаланылуда.  

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *