АРТЕРИЯ (грек. Arteria) — дененің барлық органдары мен тіндеріне жүректен қан тарайтын тамырлар. А. жүйесіне: өкпе А-сы, қолқа және кішкене қан тамырлары (артериола) кіреді. А. айналма (коллатералды) және тұйық болып бөлінеді. Айналма А-да жақын жатқан тамырлар бір-бірімен байланысып анастомоздар кұрайды. Негізгі А. арқылы жүрмей қалған қан осы анастомоздар арқылы тарайды. Тұйық А-да анастомоз болмайды. А. тамырлары жуан, берік, әрі созылмалы болып келеді. Жүректен алыстаған сайын жіңішкере береді. Көлденең қимасының мөлшеріне қарай А-ны ірі, орташа және ұсақ түрлерге бөледі. А. тамырларының қабырғалары сыртқы (дәнекер тіннен), ортаңғы (тегіс бұлшық етті тіннен) және ішкі қабаттан (эндотелий клеткаларынан) тұрады. Жүректің жиырылуына байланысты А. тамырларындағы қанның мөлшері өзгеріп тұрады. Оны тамырдың соғуы (пульс) дейді. А. жүйесінің құрылымы оның дамуына, органның атқаратын қызметіне, организмнің жасына, тіршілігіне қарай әр түрлі болады; қ. Қан айналу жүйесі.