АРСЫЗДЫҚ — жеке адамның қоғамда қалыптасқан моральдық, этикалық және салт-дәстүр нормаларын бұзуы; ар, ұят, адамгершілік принциптерімен сиыспайтын әрекеті мен қылығы; кісілік, адамшылық ұғымдарымен үйлеспейтін мінезі. А. адамның жетілмеуінен немесе қоғамның беліілі бір топтарын тоқырау мен рухани құлдырауға алып келетін әлеум. қайшылықтардан туындауы мүмкін. А., әсіресе, мораль принциптерін жоққа шығарып, оған қайшы мінез-құлықтарды қабылдаушылар арасында анық байқалады. А-тың қайдан шығатынын Абай “Қырық үшінші сөзінде” қазақы мінез- құлықпен байланыстыра отырып, терең талдайды. “Тән қуатымен — дәулет, жан қуатымен — ақыл, білім жиналады”, — дейді ол. Жан қуатының ішінде “ үш артық куат бар, зинһар соны жоғалтып алу жарамас, ол жоғалса, адам ұғылы хайуан болды, адамшылықтан шықты” дей келіп, олардың нендей нәрселер екеніне түсінік береді. Біріншісі — дер кезінде аңдау, аңғару, әңгіменің алды-артын болжай білу; екіншісі — салыстыру, тексеру, айырмашылықтарды танып-білу; үшіншісі жүрек тазалығы; яғни әр нәрсенің “өлшеуін” білу екенін айтады. Дер кезінд аңдау мен салыстыру, тексеру — “бұл екеуі қосылып тұра тұрған нәрсе, күллі пайда да бұлардан шығады, уа күллі залал да бұлардан шығады. Мансап сүйгіштік, мақтаншақтық, ашуланшақгық, өтірікшілік, осыған ұқсас әрбір маскүнемдікке тартып, құмар қылып, ақылдан шығарып жіберетұғын нәрселер осы екеуінен болады. Бұларды түбегейлеткенде… адамшылықтан шығарып, құмарпаздыққа салып жіберетұғын нәрседен бойды ерте тыйып алу керек” дейді. Бұл үшін аталмыш екі уатпен бірге “пайда, залалды айыратұғын” ақыл және қайрат қажеттігін баса көрсетеді. Егер бұлардың “бірі бар, бірі жоқ болса … сенде ерік жоқ. Екі етек жайылып, екі көзің аспанда, масқара болып кеткенің өлгеніңше”.