АРОГЕНЕЗ (грек. aіrо— көтеремін, gеnesіs — пайда болуы) — тірі организмнің құрылысы мен қызметінде ірі өзгерістер туғызатын эволюциялық даму; организм үшін маңызы өте зор ағзалардың құрылысы мен олардың атқаратын қызметінің күрделеніп, жоғары сатыға көтерілуі. Ресей ғалымы А.Н. Северцов (1925) бұл құбылысты ароморфоз немесе морфофизиологиялықпрогресс деп атады. Мыс., қосмекенділерде өкпе арқылы тыныс алуына байланысты кіші қан айналым шеңберінің пайда болуы, жүректің үш, соңынан құстар мен сүтқоректілерде төрт камераға бөлінуі т.б. Мұндай өзгерістердің қалыптасуы ағзалардың жаңа тіршілік ортасына бейімделуіне мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде эволюция барысында құрлықтық омыртқалылардың кластары қалыптасып жетілді. Ал мұның өзі тіршілік иелерінің түрлерінің пайда болуына,олардың кеңеюіне жаңа тұқымдар мен жаңа түрлердің қалыптасуына себеп болады.