АРНАЙЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҚ — халық шаруашылығының өз даму ерекшеліктері бар территориялық және экономикалық жағынан біртұтас бөлігі. Ондағы өндіріс орындары өзінің экономикалық құрылымына, оның ішінде еңбек, экономикалық-географиялық жағдайына қарай мамандандырылады. Бұл аймақ шегіндегі өндірістік байланыс тұрақты болады және қарқынды жүргізіледі. Арнайы экономикалық аймақ интегралды және салалық болып екіге бөлінеді. Интегралды (яғни меншікті) Арнайы экономикалық аймақта аймақ шаруашылығы жиынтық күйінде қаралады. Ал салалық экономикалық Арнайы экономикалық аймақта шаруашылықтың басым саласы жеделдете дамытылады. Арнайы экономикалық аймақ валюталық-қаржылық және салықтық жеңілдіктер беріледі, шетел капиталын тарту көзделеді. Шетелден әкелінген өнімге кеден салығы салынбайды не салық мөлшері азайтылады, негізгі қорларды пайдалану мерзімі қысқартылады, ресурстарды пайдаланғаны үшін төлем мөлшері кемітіледі. Сонымен тірге Арнайы экономикалық аймақты қазіргі заманғы инфрақұрылыммен (телефон, телефакс т.б.), шикізатпен, еңбек ресурстарымен үздіксіз қамтамасыз ету мәселелері де қарастырылған. Қазақстанда 4 арнайы экономикалық аймақ бар (1998). Олар: Қызылорда, Ақмола, Маңғыстау облыстары мен Қостанай облысындағы Лисаковск қ.