АРМЯНДАР

АРМЯНДАР (өзд. атауы — хай) — халық. Арменияда 3,732 мың, ТМД елдерінде 4580 мың, Америкада 650 мың, Францияда 250 мың, Иранда 200 мың, Түркияда 150 мың, Ливанда 150 мың, Сирияда 120 мьщ, Иракта 20 мьщ, Египетте 12 мың (1996), т.б. елдерде тұрады. Арменоид расасының үлкен еуропеоидтар нәсіліне жатады. Үнді-еуропалық тілдер шоғырының бөлек тобын құрайтын армян тілінде сөйлейді. Ол батыс және шығыс диалектісіне бөлінеді. Армян әліпбиімен жазады. Діни сенімі — христиан-монофистер, шетелде тұратындардың біразы — католиктер, протестанттар. Хеттер, цитанийлер, ассириялықтар жазбаларында б.з.б. 2- мыңжылдықтың 2-жартысында “Урарту елі”, “Арарат елі” деген мемлекеттер болғаны айтылады. Б.з.б. 9 ғ-да Ассирия әскерлеріне қарсы тұру мақсатымен Таулы Армян князьдігіндегі тайпалардың бастары бірігіп, біртұтас мемл. құрылады. Бұл бұрын урарту-хурриттік, хеттолувийлік, протоармяндық, үнді-еуропалық тілде сөйлейтін тайпалардан құралған А. шаруашылығы мен мәдениетін бірыңғай дамытуға әсер етті. Ежелгі А. Урарту мемл. кезінде (б.з.б. 9 — 6 ғ.) көне парсы жазбаларында “Армина елі”, грек жазбаларында “Армения” деп аталды. Негізгі тұрғындары өз елін Хайк (Айк) деген ежелгі атымен атаған. А. 301 ж. христиан дінін қабылдады. 405 — 406 ж. жасалған армян жазуының осы уақытқа дейін өзгеріссіз қолданылуы А. мәдениетінің дамуына, ұлт ретінде өзін-өзі сақтап қалуына көп ықпал етті. Елдег үздіксіз соғыс салдарынан жергілікті халық жан-жаққа көшіп, дүние жүзінің бірсыпыра елдерінде А. тобы (диаспорасы) пайда болды. 7 — 11 ғ-ларда Еуропаға, Алтын Орда қ-ларына, Қырымға, Польшаға, Украинаға бытырады. 11 — 14 ғ-ларда Византияда, Египетте, Сирияда, Ливанда, Галициада, Молдовада, Венгрияда, 17 ғ. басында Иранда босқын А. көбейді. 18 ғ-дың басында көптеген А. Ираннан Үндістанға, Қытай- ға, Бирмаға, Филиппинге, Яваға қоныс аударды. Ресейдің Петербург, Мәскеу, Астрахан, Солт. Кавказ, Дон өңірлеріне ығысты. А-дың негізгі кәсібі — егіншілік, жеміс-жидек, мал өсіру. Кілем, кесте, шілтер тоқу, тас қашау, зергерлік бұйымдар жасау дамыған. Қазіргі уақытта А. көп салалы өндірісте, халыққа қызмет ету салаларында еңбек етеді. Халық ауыз әдебиеті эпостық жырларға, табиғат туралы аңыз-ертегілерге, жиһанкездер туралы әпсаналарға бай.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *