АРМЕНИЯ, Армения республикасы – Кавказ тауларының оңтүстігінде орналасқан мемлекет. Негізгі заңы – 1995 ж. 5 маусымда қабылданған Конституция. Мемлекет басшысы – президент. Жоғарғы заң шығарушы органы – Ұлттық жиналыс. Жоғарғы атқарушы органы – Министрлер Кеңесі. Армения солтүстік-батысында Грузия, шығыс, солтүстік-шығысында Әзербайжан, оңтүстігінде Түркия, Иран мемлекеттерімен шектеседі. Жерінің аумағы 29,8 мың км2, халқы 3,8 млн. (1995), астанасы – Ереван (1,2 млн., 1995). Халқының 93%-дан астамы армяндар. Орташа тығызд. 1 км2-ге 90 адамнан келеді.
Табиғаты. Армения Армян таулы қыратының солтүстік-шығысындағы жанартаулық үстіртті алып жатыр. Ең биік жері – Арагац тауы (4090 м). Оның оңтүстік беткейінде әйгілі Бюрокан астрофизикалық обсерваториясы (расытханасы) орналасқан. Кен байлықтарынан мыс, молибден, алтын, темір кентасы, нефелин сиениті; құрылыс материалдарынан: туф, мәрмәр көптеп кездеседі. Климаты негізінен континенттік субтропикалық құрғақ типке жатады. Жазық тау етектерінде қаңтардағы орташа температурасы 5ӘС, шілдеде 25 ӘС. Жылдық орташа жауын-шашын мөлшері 400 мм. Негізгі өзендері – Аракс пен Кура және олардың салалары Ахурен, Касах, Раздан, Дебед. Көлдердің жалпы саны 100-ден асады, олардың ең ірісі – Севан көлі. Армения жерінде біздің заманымыздан бұрынғы 1-мыңжылдықтың ортасына дейін құл иеленуші Урарту мемлекеті болды. Ол құлағаннан кейін Армения Парсы елі аумағында құрылған Ахемен мемлекетінің құрамына кірді. Александр Македонский парсы мемлекетін жеңгеннен кейін армян жерін өз империясына қаратты. Біздің заманымыздан бұрынғы 4 ғасырдың ақырында Оңтүстік-Батыс Армения (Софена) мен Оңтүстік Армения тәуелді мемлекет ретінде Селевки мемлекетінің құрамында болды. Біздің заманымыздан бұрынғы 3 ғасырдың басында Ұлы Армения мемлекеті құрылды. Тигран ІІ (95-56) тұсында Армения күшейіп, негізгі армян жерлері түгел біріктірілді. Осы кезеңде Армавир, Арташат, Тигранакерт секілді ірі-ірі қалалар пайда болды. Оларда металл өнеркәсібі, құмыра өндірісі, тас пен ағаш ою, тоқыма, зергерлік өнері, былғары өңдеу, құрылыс салалары едәуір дамыды. Мәдениет біршама ілгеріледі. 301 ж. христиан діні Ұлы Арменияның ресми діні деп жарияланды. Алайда аймақтық бытыраңқылықтың күшеюі салдарынан мемлекет ыдырай бастады. Оның үстіне біздің заманымыздың 1 ғасырынан басталған Рим мен Парсы елі арасындағы талас-тартыс Армения экономикасын күшейтті. Ақырында (387 ж.) Армения олардың бөлісіне түсіп, негізгі бөлігі Парсы еліне тәуелді болды. 7 ғасырдың ортасында армян жеріне араб әскерлері басып кірді. Жергілікті халықтың ұзақ жылдарға созылған қарсылығы басылғаннан кейін, 8 ғасырдың басында Армения Араб халифатының құрамында болды. 9 ғасырдың ақырында ұлт-азаттық күрестің нәтижесінде Баграти әулеті басқарған Армян патшалығы құрылды. Экономика мен мәдениет біршама өркендей бастады. Бірақ ішкі аймақаралық алауыздықтар нәтижесінде Армян мемлекеті тағы да ыдыраушылыққа ұшырады. Олар 11 ғасырда салжұқтардың, 13 ғасырда монғолдардың шапқыншылығына душар болды. Осыдан былай армян халқының дербестігі мүлдем жойылды. 14 ғасырдың ортасынан бастап Армения Алтын Орда хандары арасындағы қантөгіс, қақтығыстар майданына айналды. Әсіресе, Тоқтамыс пен Әмір Темір жорықтары кезінде Армения қатты күйзеліске ұшырады. 16 — 18 ғасырларда қайтадан Армения үшін Түркия мен Иран арасында соғыстар болып, нәтижесінде оның батысы Түркияға, шығысы Иранға қарады. Шығыс Грузияны өзіне қосып алған Ресей енді Арменияны қосып алу үшін Иранға қарсы соғыстарын бастады. 1828 жылғы орыс-иран соғысынан кейін Эриван, Нахичеван хандықтары Ресейге қосылды. 19 ғасырдың 2-жартысында Ресей Түркияның қол астындағы армян жерлерін тартып алу үшін Түркияға қарсы соғыс ашты. Кезекті орыс-түрік соғысынан (1877 – 78) кейін Батыс Арменияның бірқатар жері Ресейдің меншігіне айналды. 1918 ж. Түркия Шығыс Арменияның бір бөлігін өздеріне қаратты. Сол жылы олардың орнын ағылшындар басты. 1920 ж. халық үкіметке қарсы жаппай көтеріліске шықты, бірақ ол тез басылып қалды. 1920 ж. Түркия әскерлері Шығыс Арменияға қайта кіріп, Эриванға қатер төндірді. 1920 ж. 20 қарашада Шығыс Арменияда Кеңес өкіметі күшпен орнатылып, Армян КСР-і құрылды. 1922 ж. наурыз айында Армения Закавказье Федерациясының құрамында Кеңес Одағына кірді. 1936 ж. 5 желтоқсанда одақтас республикаға айналды. КСРО тарағаннан кейін 1991 ж. 21 қыркүйекте референдум өткізіліп, 25 қыркүйекте республика Жоғарғы Кеңесі «Арменияның егеменділігі туралы Декларация» қабылдады. Ұлттық мейрамы 21 қыркүйек – тәуелсіздік жөніндегі референдум өткізген күн. 1995 ж. жаңа әкімшілік басқару жөнінде заң қабылданып, осы заңға сәйкес губернаторлар басқаратын 11 облыс (мазр) құрылды. 1993 ж. қазанда Қазақстан Республикасы мен Армения Республикасы арасындағы қарым-қатынастардың негізі жөніндегі шартқа қол қойылды. Армения – индустриялы-аграрлы мемлекет. Жерінде химиялық құрамы жағынан әр түрлі минералды сулардың («Джермук», «Арзни», «Севан») үлкен қоры бар. Отын-энергетика русурстарына кедей болғандықтан су энергиясы кең пайдаланылады. Армения өнеркәсібін түрлі кешенді өркендеген салалар құрайды. Алдыңғы қатарда – түсті металлургия, химия өнеркәсібі және көп салалы машина жасау өндірісі. Машина жасау саласы бойынша металды аз қажетсінетін өндірістер (прибор жасау, электротехника, радиоэлектроника және станок жасау салалары) дамыған. Жеңіл өнеркәсіпте мақта-мата кәсіпорындары шұлық және трикотаж бұйымдарын, кілемдер, жібек, жүн және мақта маталарын шығарады. Тамақ өнеркәсібі ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейді. Армения сапасы жоғары шараптар мен коньяктар («Каири», «Армения», «Ереван», т.б.) шығарады. Ауыл шаруашылығында 400 мың гектардан астам жерден дәнді және техникалық дақылдар өндіріледі, жеміс-жидек, жүзім шаруашылықтары дамыған. Альпі жайылымдарында етті-сүтті ірі қара мен қой өсіріледі. Арменияның ұлттық табысы жан басына шаққанда 2000 АҚШ долларына тең болды. Таулы Карабахтағы Ресейге сүйеніп жүргізген соғыс Армения экономикасына үлкен зиян келтірді.
Әдебиеті мен өнері. Халық фольклорында армян халқының ежелгі сенім-нанымдары, танымдары туралы мол деректер сақталған. Өзге де фольклорлық жанрлармен қатар, “Гайк пен Бел”, “Көркем Ара мен Шамирам”, “Торк Ангех”, “Ваагнаның дүниеге келуі”, “Тигран мен Аждаак”, “Арташес пен Артавазд” сияқты аңыздар, тарихи-танымдық, көркемдік жағынан құнды. “Сасундық Давид” (“Сасунци Давид”) батырлық эпосында армян халқының өз бостандығы үшін ерлік күресі көрініс тапқан.