АРМАТУРА (латынша: аrmatura — құралдандыру, жабдықтандыру) — машиналардың, құралымдардың және ғимараттардың негізгі бөлігінің құрамына енбейтін, бірақ олардың дұрыс жұмысын қамтамасыз ететін қосалқы (әдетте бір қалыпты) құрылғылар мен бөлшектер жиынтығы. Арматура қолдану мақсатына қарай: құбыр өткізгішті арматура,электр машинасын жасаудағы арматура,электр жүйелеріндегі арматура,электр қуатын жеткізу желілеріндегі арматура,жарық техникасындағы арматура, металлургия пештеріндегі арматура,құрылыс арматурасы болып бөлінеді. Құбыр Арматурасы су, бу, газ және жанармай жүретін құбырларда, сондай-ақ химиялық, тамақ т.б. өнімдер қайта өңделетін өнеркәсіптерде; электр машиналарын жасаудағы Арматура электр машиналарының ток жеткізуші және қосалқы бөлшектерінде; электр жүйелеріндегі Арматура қалқандарда, патрондарда, ажыратып-қосқыштарда т.б.; электр қуатын жеткізу желілеріндегі Арматура оқшаулағыштарды бағанаға, ал сымдарды оқшаулағыштарға бекітуге арналған бөлшектер мен тетіктер құрамында; жарық техникасындағы Арматура жарық ағынын реттеуге және көзді өткір жарық сәулесінен қорғауға, электр тогын жеткізуге, электр шамдарын бекітуге және оларды сынып қалудан сақтауға арналған жарық беретін құрылғылардың бөлшектері құрамында; металлургия пештеріндегі Арматура пештің ыстыққа төзімділігін арттыруға және оның сыртқы бетін салқындатуға қажетті металл бөлшектері құрамында;құрылыс Арматурасы құралымды күшейту үшін темір бетонда өзек, сым, каркас, тор т.б. түрінде қолданылады. Ол әр түрлі пішінде жасалады . Арматуралық металл ретінде көміртекпен аз легирленген болат пайдаланылады. Қазақстанда Арматура Қарағандыда, Теміртауда, Павлодарда шығарылады.