Арлат , Арулат (монғ. арула, арулас, арулад; ару — арқа, арьергард) — Шыңғысхан империясындағы ақсүйек тайпалардың бірі. “моңғол ун ниуча тобчи ан” (“моңғолдардың асыл аңызы”) жылнамасына қосымша берілген кестеге қарағанда, Қайдудың кенжесінен тараған тайпа. Арлаттан шыққан Бо орчин бала кезінде Шыңғысханның досы, кейін нөкері болса, осы тайпаның тағы бір өкілі Бо орчу моңғол әскерлерінің оң қанатын басқарып, аса ірі қолбасшы саналған. Бұл дәрежелер (монғ. бо орчин, бо орчу — “бүйрек басшы”, яғни “әскердің тылын басқарушы”) моңғолдардың әлеум. тайпалық құрылымында арлаттың ерекше жағдайда болғанын көрсетеді. Шежіре деректеріне қарағанда, 13 ғ-дың басында арлаттың бір бөлегі Алтайға ығысқан, яғни қазіргі Шығыс Қазақстан жерін қоныстанған. 14 ғ-дың ортасында Шыңғысхан балаларының бірі — Шағатайдың қол астындағы арлаттар Солт. Ауғанстанды мекендеген. Әбілғазының айтуына қарағанда, 15 ғ-дың өзінде-ақ түрікмендер арасында Шағатай-Куллар атты ру-тайпалық бөлік болған. Бұлар Темір әулеті заманында (15 ғ.) түрікмендер жерін паналаған Арлат тайпасынан шыққан қашқындардан құралған. Кейбір деректерде арлат моңғолстан тайпаларының ішіндегі бастысы деп те сипатталады. Сондай-ақ 15-16 ғ-дың құжаттарында көшпелі өзбектердің құрамына енген тайпа ретінде де аталады. Бұлар батысқа қоныс теуіп, түркі халықтары арасына ертеден-ақ сіңісіп кеткен арлаттар не арлат өкілдері басқарғандықтан, солай аталып кеткен сол арадағы жергілікті тайпалар болуы ықтимал.