АРКТИКА (грек. arktikos — солтүстік) — Еуразия және Солтүстік Америка құрлықтарының солт. шетін, Солтүстік Мұзды мұхитты аралдарымен қоса түгел қамтитын жер шарының солт. полюс аймағы. Ол сондай-ақ Атлант мұхиты мен Тынық мұхиттың іргелес бөліктерін де қамтиды. Ауд. 27 млн. км2, оның 15 млн. км2-і мұхит суы. А-ның құрамына Ресей Федерациясының Мурманск, Архангельск, Түмен обл-тары, Красноярск өлкесі, Саха (Якутия) Республикасы, Магадан обл-ның солт. аудандары, Канаданың Юкон, Солт.-батыс Квебек, Ньюфаундленд аймақтары, АҚШ-тың Аляска түбегінің солт-і, Данияның Гренландия аралы, Норвегияның Шпицберген аралдары бөліктері енеді. Аралдардың солт-н А-лық шөлдер, оңт. мен құрлық жағалауларын тундра белдемі алып жатыр. А-да тұрғын халық сирек орналасқан.
Геологиялық құрылымы А., негізінен, ежелгі кристалды қалқандар мен платформалардан, қатпарлы құрылымдардан (палеозойлық, мезозойлық, альпілік) тұрады. Плиоцен дәуірінде жүрген төмен түму процестері нәтижесінде Солт. Мұзды мұхиттың басты қазан шұңқырлары қалыптасқан. Төрттік кезеңде жанартаулық және мұздану процестері жүрген.
Жер бедері. А-ның еуразиялық бөлігінде ойпатты жазықтар көп ұшырасады. Таулы бөліктері Бырранга, Орал тауының солт-нен тұрады. Америкалық бөлігінде аласа төбелі таулы үстірттер (200 — 400 м) мол. А-дағы барлық аралдар құрлықтық типке жатады және олардағы жер бедері таулы болып келеді. А-ның ең биік бөлігі— Гренландия аралының шығысындағы Гуньберн тауы (3700 м), судағы ең терең жері 5220 м, ең ірі су асты жотасы — Канада — Сібір және Гренландия — Еуропа қазан шұңқырлары аралығындағы Ломоносов жотасы. Кен байлықтарынан тас және қоңыр көмір, лигнит, ас тұзы, түсті және сирек металдар, сонымен қатар оптикалық шикізат кездеседі. Климатының негізгі ерекшелігі — жыл бойы төмен температураның басым болуы. Қаңтар айының темп-расы Атлант маңы секторының оңт-нде -3°С, орт. бөлігінде -40°С, шілдеде оңт-те 10°, орталығында 0°С. Жаз бен күзде циклондық әрекет байқалады. Оңг-нде күшті желдер (жылдамдығы 15 м/с) жиі соғады. Ауаның ылғалд. төмен, жауын-шашын төменгі ендіктерден келетін ауа массасының ықпалынан жауады: жылына оның орт. бөліктерінде 75-100 мм шамасында қар күйінде ылғал түседі. Күндерін көбіне тұман басып, бұлт торлап тұрады. Құрлықтық бөлігін көптеген өзендер кесіп өтеді. Олар 8-10 ай бойы қатып жатады. Ірі өзендері: Лена, Индигирка, Макензи. Тундра белдемінде көлдер көп. Ірісі – Таймыр көлі. Қатаң климат әсерінен мұхит суларының темп-расы төмен болып келеді. Жоғарғы қабаттың(100 — 250 м дейін) темп-расы жыл бойы -1°С. Суының тұзд. 30%о А-ның сулы бөлігінің көпшілігін жыл бойы қалқыма мұздар жабады (қыста 11 млн. км2, жазда 8 млн. км2). Мұздың қалынд. 0,8 — 25 м- ге жетеді. А. аралдарының көпшілігін жалпы ауданы 2 млн. км2 болатын қалың мұздықтар жапқан. Өсімдіктер аз. Солт-нде қына, оңт-нде ярусты өсімдіктер өседі. Планктонның түрлері күшті дамыған. Жануарлардан: ірі сүтқоректілер (ақ аю, морж, итбалық), құстар (мамыққаз, үйректер) мекендейді. Балықтарының (майшабақ, пикша, табан) кәсіптік маңызы зор. А- ны игеруде Солт. теңіз жолы үлкен рөл атқарады.