АРКОЗ,аркоз құмтасы — гранит, кварцты монцанит, гнейс тау жыныстарының үгіліп, ұсатылуы нәтижесінде түзілетін шөгінді тау жынысы. А. құмтастарында минералды түйіршіктер (кварц, дала шпаты, слюда, т.б.) мөлш. 60 — 90% болады, қалған 10—40%-і әр түрлі құрамды цементтен тұрады. Құрылымы псаммитті (түйіршіктер өлшемі 0,1 — 1 мм). Пішіні параллель, қисық, линза тәріздес және үзік-үзік қабат болып келеді. Түсі — қызғылт, сарғыш, сұр. А. құмтастары терригенді құралымда жеке беткейлер мен қабаттар түзеді. Қабаттасқан жіктер және көлденең сызаттар арқылы бөлінген А. құмтастарының текшелері құрылыста пайдаланылады.