АРКА (лат. аrcus — доға, иін, иілім)— қабырға немесе тірек аралықтарын ұштастыратын иін. Алғаш рет Шығыс сәулет өнерінде, кейін ежелгі Рим архитектурасында кең қолданылды. Қазақстанда Баба ата кентіндегі медреседе (9 — 12 ғ.), Айша бибі күмбезінде (11-12 ғ.), Ахмет Иасауи кесенесінде (14 ғ-дың аяғы мен 15 ғ-дың басы), т.б. құрылыстарда кеңінен пайдаланылған. Аралық мөлшеріне, салмақ көтеру мүмкіндігіне, құрылымдық сипатына қарай А. тастан, металдан, ағаштан және темір-құйматастан, т.б. жасалады. Ежелгі сәулет өнерінде А., көбінесе, тастан, қыштан қаланған. А. пішініне қарай жартылай дөңгелек, садақ тәріздес (готикада көп таралған), таға тәріздес (араб елдері сәулет өнерінде жиі кездеседі), дулыға тәріздес, көп қалақшалы, киль, т.б. тәріздес болып келеді. А. бүгінгі заманғы құрылыстарда да өз мәнін жоғалтқан жоқ. Ғимарат тұрғызуда, көпір салуда, т.б. құрылыстарда А. негізгі құрылымдық бөлік ретінде қолданылады.