АРКАНЗАС — АҚШ-тың Оклахома, Арканзас штаттары аумағындағы өзен, Миссисипи өз-нің оң жақ саласы. Ұз. 2410 км. Су жинау алабының ауд. 470000 км2. Таулардан бастау алады және жоғарғы ағысында тар әрі терең шатқалдармен (Ройял-Гордж, Гранд-Каньон және т.б.) буырқана ағып келіп, батыстан шығысқа қарай Ұлы және Орталық жазықтарды бойлай ағады. Арнасы өте тұрақсыз, аса күшті су тасқындарынан кейін бағытын жылдам өзгертіп отырады. Жылдық орташа су ағынының мөлш. 1800 м3/с шамасында. Көктемде еріген қар мен жауған жаңбыр суларымен толығады. Жоғарғы ағысында мұз қатады. Су деңгейінің өзгерісі Литл-Рок қ-ның тұсында 8 — 8,5 м-ге жетеді. Аса ірі су тасу және тасқын кездерінде үлкен аймаққа жайылады. Оклахома- Сити қ-нан Миссисипи өз-не дейін (1000 км) кеме жүзе алады.