АРИСТОТЕЛЬ Стагирит 

АРИСТОТЕЛЬ Стагирит (б.з.б. 384 — 322 ж.) — грек философы, энциклопедиялық еңбектердің авторы. Ол 367 — 347 ж. Платон Академиясында білім алып, алғашқыда оның шәкірті болған, кейін осында оқытушылық қызмет атқарған. 347 — 334 жылдары ел аралап, кіші Азияда, т.б. елдерде болады. 343 — 340 ж. 13 жасар Ескендір Зұлқарнайнды тәрбиеледі. Афинаға қайта оралған соң, 334 — 323 ж. филос. мектептің (лицей) негізін салды. Бізге жеткен аңыздарға қарағанда А. шәкірттерін серуендетіп жүріп дәріс беретін болған. Соған байланысты бұл мектеп гректің peripatetikos, яғни серуендей жүріп орындау мәніндегі сөзіне сәйкес “перипатетикалық мектеп” деп аталды. А. еңбектері көзі тірісінде реттеліп жинақталмаған. Сондықтан оның шығармалары туралы ғылымда талас әлі тоқтаған жоқ. Неміс ғалымы В. Иегер А. шығармаларын ғалымның дүниетаным эволюциясы негізінде жүйелеп шықкан. А. алғашқы кезеңде, яғни Платон дүниеден қайтқанға дейін оның шәкірті, ізін қуушы бола тұрып ұстазына қарсы шығады, оның идеялар туралы іліміне сын айтады. Осы тұжырымды негізге алып, Филос. ин-тының ұжымы “Философиялық мұра” топтамасымен А- дің төрт томдық шығ-ларын (“Мысль”, 1981 — 1983 ж.) жарыққа шығарды. 1-томғаА- дің екі еңбегі енген: “Метафизика” және “Жан туралы”. Құрылымы жағынан “Метафизика” дербес он төрт кітаптан тұрады. Кеңес дәуірінде метафиз-ны түсінуде теріс көзқарастар орын алды. Филос. тарихында метафизика — филос-ның бір түрі әрі филос. тәсіл. А. метафиз-ны “алғашқы философия” деп те, “құдайлар туралы ілім” деп те, жай ғана “ақыл кітабы” деп те атаған. Қазір метафиз. онтология (болмыс туралы ілім) деп аталады. “Метафизикасында” А. Платонның негізгі ілімі — идеялар туралы тұжырымын сынға алады. Платон осы тұжырымында болмыс пен ілім-білім үшін түсініктің мәні мен атқаратын рөлін анықтамақ болған. Бұл мәселеде ол Сократ ілімінің танымдық мәніне сүйенеді. А. де дәл осы тақырыпты өз филос-ның негізгі мәселесі етіл алған. Оның Платонмен келіспеушілігі, В. Асмустың көрсетуінше, мынадай төрт мәселеге қатысты: 1. Платон “идеялар болмыстан тыс субстанция ”дейді, ал А. бұған қарсы. 2. Платон идеялары сезу арқылы қабылданатын нәрселерге қатыссыз. А. бұған да қарсы пікір білдірген. 3. Платонның идеясына орай сезу арқылы қабылданатын нәрселер туралы А. өзінше пікір айтқан, олардың байланысын көрсеткен. 4. А-дің айтуынша, Платон идеялары сезу арқылы қабылданатын нәрселердің пайда болуы мен жойылуына түсінік бермейді. А. субстанция элементтері “материя” және “форма” дейді. Материалдық әлемнің төрт бастауын атайды. Олар: материя, форма, қозғалыс және оның себебі, өзгерістің жаратылыстық мәні мен мақсаты және оның жойылуы. А. өзгеріс себебі қозғалыс деп танығанымен, бұл мәселенің мәнін толық аша алмаған. Тек “алғашқы қозғаушы”, яғни санадан тыс құдіретті күш бар деген түсінікте болған. Ол — құдай. Сана — бақылаушы ғана. 1- томға енген екінші жұмыс —“Жан туралы”. Бұл -психология ғылымының бастауы болған тұңғыш еңбек. А-дің айтуынша, жан—тәннің өмір сүру себебі және негізі. Оның жан туралы айтқан көптеген пікірлері күні бүгінге дейін өз құндылығын жойған жоқ. 2— томға А-дің “Ұғымдар, ‘Терменевтика”, бірінші және екінші “Аналитика”, “Топика” жөне “Софизмдік (грек. ойдан шығарылған деген ұғымды білдіреді) терістеулер туралы” еңбектері енген. Бұл еңбектерде А. жаңа білім саласы логиканың негізін салған. 3-том “Физика”, “Аспан туралы”, “Пайда болу және жойылу”, “Метеорология” деген еңбектерінен тұрады. Бұл еңбектер жаратылыстың басталуын зерттеуге, яғни қазіргі физ., астрон., хим., метеорол. және геол. ғылымдарына негіз болып қаланды. 4- томға “Никомахтың этикасы”, “Үлкен этика”, “Саясат”, “Поэтика” деген еңбектері енген. Алғашқы екі шығармада мораль мәселелері қарастырылады. Никомах — А-дің . не әкесі, не баласы. Екеуінің де есімдері Никомах болған. Зерттеушілердің айтуына қарағанда, Никомах (баласы) А. дүниеден өткен соң, оның мұрасын жинап кітап етеді. Содан ол кітап “Никомахтың этикасы” деп аталып кеткен. Жалпы этика А-дің білімдер жіктеу жүйесінде көрнекті орын алған. Ол ғылымдарды үлкен үш топқа бөлді: теориялық, практикалық және шығармашылық ғылым. Біріншісіне филос., матем. және физ-ны, екіншісіне этика мен саясатты, ал үшіншісіне өнер, қолөнер және тұрмысқа тікелей қатысты ғылым түрлерін жатқызды. Этикаға байланысты әділеттілік пен әділетсіздік туралы құнды пікірлер айтқан. Ол әділеттілікті “табиғи” және “заңмен бекітілген” деп екіге бөледі. “Саясат” деген еңбегінде мемлекет мәселелеріне тоқталған. Платонның “Мемлекет” пен “Заңдарында” айтылған ойлар А-дің “Саясатында” да кездеседі. Бірақ мұнда утопиялық сарын жоқ. Ол мемл. құрылымның алты түрін атап, оларды екі топқа бөледі. Алғашқы үшеуін дұрыс, ал кейінгі үшеуін қате құрылым ретінде көрсетеді. А- дің айтуынша, дұрыс құрылымдар: патшалық билік, аристократия, полития, теріс құрылымдар: — тирания, олигархия, демократия. Патшалық билік бір адамның билігі болғанымен халықтық мүддеге қызмет етеді; тирания да бір адамның билігі, бірақ мұнда жеке адам мүддесі ғана есепке алынады. Аристократия — аз адамдар билігі, әйтсе де бұлар бүкіл қауым қамын ойлайтын ізгі жандар; олигархия да аз адамдар билігі, бірақ ол ел мүддесі үшін емес, ат төбеліндей ауқаттылар мүддесі үшін құрылған топ. Полития көпшіліктің басқаруы. Олар ел қамын ойлайтын қауым арасынан сайланып қойылған ізгі ниетті азаматтар. Демокр. да — көпшілік билігі, бірақ ол кедейлердің ғана мүддесін қорғап, өзгелерге қысым жасайтын билік. А. “Саясатындағы” бұл айтылған ойлар бүгінгі күнге дейін мәнін жойған жоқ. А. “Поэтикасы” — қазіргі заманғы өнертану мен әдебиеттануға негіз болып қаланған шығарма. А. ілімін жүйелеп, түсіндіру ісінде араб философтары әл-Кинди мен Әбу-л-Уәлид Мұхаммед ибн- Рушд, түрік ойшылы Әбу Наср әл-Фараби, парсылық Әбу Әли ибн Сина еңбектері ерекше рөл атқарады. “Шығыс перипатетиктері” аталған бұл ойшылдар А. шығармаларына терең талдаулар жасады. Осы қызметі үшін әл-Фараби кезінде “Екінші ұстаз” атанған. Қазақтың тарихи қиссаларында, дастандарында, ақындар шығармаларында А. есімі жиі кездеседі. Абай қара сөзінде А-ге — “хакім” деп аса құрмет білдірген. А. шығармаларын Батыс Еуропаға кеңінен таныстырған — ибн-Рушд. Одан әрі де католик ойшылы Фома Аквинат А-ді христиан ойшылы ретінде дәлелдеуге көп еңбек еткен. Қазақ филос-ндағы Аристотельтануда екі арна бар. Бірі — оны “Шығыс перипатетиктері” арқылы, екіншісі — Батыс Еуропа дүниетанымы тұрғысынан тану. 

АРИФМЕТИКА (грек. arithmetike, arithmos — сан) — сандар (бүтін және бөлшек) және оларға қолданылатын амалдар туралы ғылым. Алғашқыда санау мен өлшеудің (мыс., кашықтықты, уақытты, ауданды, т.б. өлшеу) қажеттілігінен туған. Ежелгі мәдениет белгісі болған Мысыр мен Вавилонда дербес ғылым болып қалыптасқан. Қазіргі араб цифрлары деп аталып жүрген цифрлар мен ондық санау жүйесі Үңдістанда шыққан. Б.з.б. 7 — 4 ғ-ларда грек ғалымдары Пифагор, Евдокс (б.з.б. 408 — 355), Евклид, Эратосфен (б.з.б. 276 — 194), Архимед, т.б. А. мәселелерін терең зерттеген. 7 — 15 ғ-ларда А. амалдарын жетілдіруде Шығыс ғалымдары да қомақты үлес қосты. Әбу Абдаллаһ әл-Хорезмидің “Үнді есебі” атты еңбегі қазіргі бастауыш кластағы математикаға ұқсас. 15-17 ғ-ларда Еуропа ғалымдары қазіргі қолданылып жүрген А-лық белгілеулер мен таңбаларды қалыптастырды, теориялық А-ны одан әрі дамытты. Ресейде Л.Ф. Магницкийдің (1669 — 1739) “Арифметика” атты тұңғыш оқулығы 1703 ж. басылып шықты. 18 ғ-да Л. Эйлердің (1707 — 83) және оның шәкірттерінің (С.К. Котельников, С.Я. Румовский) еңбектерінде А. қазіргі түрге келді. 19 ғ-дан бастап А-ны аксиомалық түрде құру зерттелді (Г. Лейбниц, Г. Грассман). А.Ф. Малинин мен К.П. Бурениннің 1866 ж. Ресейде шыққан “Арифметика оқулығы” мен “Арифметика есептерінің жинағы” 1917 жылға дейін қолданылып келді. Ал А.П. Киселевтің 1884 ж. шыққан “Арифметикасы” кеңес мектептерінде пайдаланылды. Қазақ тіліндегі А. окулықтары 20 ғ-дың 20-жылдарынан бастап шыға бастады (К. Жәленов, С. Қожанов, Ә. Қасымов). Бірыңғай бағдарлама мен тұрақты оқулықтарға көшуге байланысты, 1933 жылдан бастап, қазақ мектептерінде аударма оқулықтар қолданылатын болды. Тек 1996 жылдан бастап, Қазақстанда А-дан жаңа оқулықтар жасау ісі қолға алынды. 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *