АРИСТОВ Николай Александрович (1847 — ө.ж.б.) — этнограф. 1864 ж. Қазан ун-тінің заң ф-тін бітірген. 1864 — 68 ж. Тобыл губ. басқармасында қызмет атқарды. 1868 — 81 ж. Жетісу обл. мекемелерінде түрлі әкімш. қызметтерде болды. А. халық шежіресіне сүйеніп рулық бірлестіктердің таңбаларын зерттеді, тарихи деректер мен жаңадан дамып келе жатқан антропол. зерттеулерді негізге ала отырып, Ұлы жүз қазақтары мен қырғыздарының этн. құрамының тарихын жазды. “Түркі тайпалары мен халықтарының этник. құрамы жайлы және олардың адам саны жөнінде мәліметтер” деп аталатын еңбегінде түркі тайпалары мен халықтарының әлемдік тарих сахнасына шығу кезеңінен бастап, 19 ғ-дың аяғына дейінгі тарихы, этн. құрылымы, орналасуы, халқының саны, Қазақстанның Ресеймен, басқа да елдермен қарым-қатынасы туралы деректер берілген.