АРИДТІК ЛИТОГЕНЕЗ

АРИДТІК ЛИТОГЕНЕЗ — жер бетіндегі ылғалдың жылдық булану мөлшері жауын-шашын мөлшерінен артық болатын аридтік климат орныққан аймақтарда (құрлықтар мен теңіз, көлдерде) шөгінді тау жыныстарының түзілуі. А. л. — литогенез теориясының негізін салушы, орыс ғалымы, акад. Н.М. Страхов анықтаған табиғаттағы литогенез процесі 5 түрінің бірі. Литогенездің бұл түрі шөлдер мен шөлейттерге тән. Бұл аймақтарда жер беті суының ықпалы күрт бәсеңдейді, ал желдің әрекеті күшейеді. Орасан зор жылжымалы құм алқаптары пайда болады. Аридтік климат аймақтары ылғалды тропикалық белдеуді солт— тен (20 — 35° солт. ендік) және оңт-тен (20 — 35° оңт. ендік) көмкеруші жоғары қысымды белдемдерге орналасқан. Осы белдемдердегі атмосфераның жоғарғы қабатгарының құрғақ ауасы ішінара төмен қарай ауысады да А. л. белдемдері пайда болады. А. л-де құрлықтардың су жиылатын алаңдарында мех. үгілу хим. үгілуден басымырақ жүреді, ал көлдер мен теңіздердің түбінде тұз шөгеді. А. л. аймақтарында қарқынды хим. үгілу қыртысы мүлде болмайды, ал су қоймаларында әр түрлі тұздардың тұнуына әкеп соғатын галогендік седиментаттану процесі тез қалыптасады. Қазақстан жерінде А. л. Жезқазған ойысында карбон кезеңінде жүрген (мыс., мысты құмтастар мен алевролиттер аридтік климат жағдайында түзілген). Каспий ойысында пермь кезеңінде осындай процесс нәтижесінде тұз қабаты қалыптасқан. Тұздан төменгі мұнай және газ кендерінің түзілуінде бұл қабат жабынды немесе сұйық тірек ретінде маңызды рөл атқарады. Жезқазған, Ұлытау аймағындағы пермь кезеңінде жүрген А. л. процесінің нәтижесі — гипс шөгінділерінде родусит-асбест кендері түзілген. Қазіргі уақытта А. л. процесі Каспий т. мен Балқаш көлінде, Оңт. Қазақстанның шөлдерінде жүруде. 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *