АРЕС (Арей) — көшпелі сақтар мен сарматтар мифологиясындағы соғыс құдайы. Көне грек, рим авторларының жазбаларында айтылады. Геродот (б.з.б. 5 ғ.) өз еңбектерінде сақтар (скифтер) табынатын құдайлардың есімдері мен оларға сәйкес келетін көне грек құдайларының есімдерін атап көрсетеді. Онда А-тің грек тіліндегі есімі ғана беріліп, скифтердің өз тіліндегі аты айтылмаған. Скифтер барлық құдайлардың ішінде тек А-ке ғана ғибадатхана, зияратхана тұрғызған. А-ке арналған ғибадат орны ені мен ұз. бірнеше жүз метрге жететіндей биік етіп ағаш сырықтардан жасалған, үстіңгі жағындағы төртбұрышты алаңқайдың үш жағы биік жар, бір жағынан ғана көтерілуге болады. Алаң ортасына көне семсер шаншылып қойылған. Оны скифтер А-тің өз бейнесі ретінде түсінді ме, әлде семсер соғыс қаруы болғандықтан соғыс құдайының сипаты ретінде қабылданып, А-тің бейнесі басқаша болды ма, ол туралы ғалымдар арасында ортақ пікір әзірше жоқ. Скифтерде жыл сайын мал (көбіне жылқыдан) кейде адамды (соғыста қолға түскен әр жүз тұтқынның біреуін) құрбандыққа шалып, қанын төбе үстіндегі семсерге құйып отырған. Мұндай зиярат орындары скиф жерінің барлық аймақтарында болған. Көне Рим тарихшысы Аммиан Марцемин (4 ғ.) сарматтардың жа жерге шаншылған семсер бейнесіндегі соғыс құдайы Марсқа (А-ке) табынатынын жазады, яғни сарматтардың да соғыс құдайының сипаты, оған табыну әдісі скифтердікімен бірдей болған.