АРДУ, Арда (т.ж.б. — 19 ғ-дың 30-жылдарының соңы) — Әбілғазы ханның (Әбілғазы III) баласы, Қайып ханның немересі. Сырдарияның төменгі алабында, Қуандария мен Жаңадария атырабындағы әлімұлы тайпалық бірлестігіне билік жүргізген (1828 — 36). 1815 жылдан ағасы Арынғазының Сырдарияның оңт.- батыс бөлігіндегі қазақтарға хан болып жариялануына байланысты шаруаларға араласқан (қ. Арынғазы сұлтан қозғалысы). Үш жылдан кейін ағайынды Арынғазы мен Серғазы Қайыпұлының арасындағы ұрыс-керіске Хиуа ханы Мұхаммед-Рақым араласып, Серғазыға Кіші жүз ханы деген пәрмен берілді. 1818 ж. А. шекті руы старшындарының тапсырмасымен Серғазыны хан ретінде тани алмайтындарын айту үшін Хиуа ханына келді. Мұхаммед-Рақым оны тұтқынға алып, өзінің қасында 10 жыл бойы аманатта ұстады. Хиуаның жаңа ханы Аллақұлы (1826 — 42) қазақ сұлтанын 1829 ж. еліне қайтарды. Әлімұлы старшындарының ұйғарымымен патша үкіметі Калуга к-на жер аударған ағасы Арынғазы оралғанша осы тайпалық бірлестік руларына хан болып жарияланды. 1829 ж. Орынбор ген.-губернаторы П.К. Эссен А-ға Орынбордың орт. бөлігі казақтарының бастығы болуды ұсынды. Бірақ Ресей өкімет орындарының ағасы Арынғазыны тұтқыннан босатпауына байланысты ол бұл ұсынысты қабыл алмады, сөйтіп Орынборға бармады. Бір жылдан соң А. Хиуа бодандығын қабылдап, Алла құлының жарлығымен Сырдария бойының ханы болып тағайындалды. Осы кезден бастап ол Ресей бодандығындағы қазақ сұлтандары мен старшындарына қарасты ауылдарға шабуылдар ұйымдастырды, Ресей мен Бұхараның сауда керуендерін тонаушылыққа ұшыратты. 19 ғ-дың 30-жылдарының аяқ кезінен А. туралы деректер кездеспейді.