АРАПОВ ЕЛШІЛІГІ 

АРАПОВ ЕЛШІЛІГІ — 1764 ж. маусым — тамыз айларында Орынбордағы Ресей әкімі ген.-поручик А.П. Лочиновтың Қылшақты өз. бойындағы Абылай хан ордасына жіберген елшілігі. Елшіліктің басты мақсаты — Абылайдың саяси бағыты жөнінде мәліметтер жинау. Елшілік Абылайға Ресеймен әскери одақ және сауда қатынасын орнату қажеттігі, Ресей тарапынан Абылайға берілетін кепілдіктер туралы Орынбор әкімшілігінің хатын тапсырды. Абылай Орынбор әкімшілігіне берген жауап хатында Қытай ұсыныстарын қабылдамайтынын, Ресеймен ынтымақты одан әрі жалғастыратынын білдірді. А.е. бұл сапарында Орта жүз қазақтарының болашақта Ресей саясатына көзқарасы, бұрынғы Жоңғар хандығының жеріндегі Қытай әскерінің құрамы, Қытайдың Шығыс Түркістан халықтарына қысымы, Абылайдың Шығыс Түркістан билеушілерімен қарым-қатынасы жөнінде мағлұматтар алып қайтты. Абылай А. е-мен бірге Орынборға өзінің өгей ұлы Бөрі бастаған Орта жүздің 8 адамын өкіл етіп жіберді. 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *