АРАЛ ОЙЫСЫ – Арал теңізі ойпатын және оның солтүстігін, шығысы мен оңтүстік-шығысын алып жатқан мезозой-кайнозой шөгінділерінен құралған тектоник. құрылым; геоморфол. тұрғыдан алғанда солтүстік Қызылқұмға жалғасып жатқан ойпат. Тұран плитасының құрамына енеді. Ауданы 350 мың км² шамасында. Арал ойысының солтүстік-шығысы, Тұран шығысы, оңтүстігі жайпақ жазық, ал Үстіртке жалғасатын батыс жағы тік жарлы болып келеді. Арал ойысы солтігінде Торғай ойысының оңтүстік шетімен, шығысында Аққырқақұм қыратымен, оңтүстігінде төменгі Әмудария мегаантиклиналімен шектеседі. Ойыстың оңтүстік-шығысындағы Бозкөл қырқасы оны шығыс Арал және Тәжіқазған қазаншұңқырларына бөледі. Арал ойысы табанының жоғары бөлігі палеозой мен триас шөгінділерінен түзілген. Оның үстін мезозой мен кайнозойдың қалыңдығы 1800 – 2000 м шөгінді жыныстары (саз, құмтас, әктас, мергель) жауып жатыр. Арал ойысының юра мен бор шөгінділерінде мұнай мен газ, палеоген жыныстарында қоңыр көмір, темір кендері кездеседі, сондай-ақ жер асты суының мол қоры бар.