АРАЛ БЕКІРЕСІ, п і л м а й (Acipenser nudiventris). Бекіретәрізділер отрядының бекірелер тұқымдасына жататын балық. Каспий және Арал т- дерінде, сондай-ақ Сырдария өз-нің су алабтарында өте сирек кездеседі; Балқашта жерсіндірілген. Дене тұрқы 210 см, салм. 60 кг-дай. Олардың аталығы 9—13, аналығы 13— 16 жаста жыныстық жағынан жетіледі. Уылдырығын шашу үшін сәуір — қараша айларында өзендерге өрлейді. Ерте бастағандары 650 — 850, кейінгілері 150 — 300 км-ге көтеріледі. Олар өзендерде қыстап шығып, наурыз — мамыр айларында су темп-расы 10°С-тан асқанда уылдырығын (1 млн-ға дейін) ағысы қатты қайраңдарда, тасты, қиыршақ топырақты жерлеріне шашады. 4 — 6 күнде уылдырықтан майда шабақтары пайда болады. Олардың кейбіреуі сол жылы ағыспен теңізге жетеді де, ал қалғандары өзендерде бірнеше жыл тұрақтап қалады. Шабақтары шаян тәрізділермен, әр түрлі құрттармен, ересектері ұлулармен, бентостік организмдермен және майда балықтармен қоректенеді. Тіршілік ортасына сәйкес А. б-нің қорек құрамы өзгеріп отырады. А. б-нің еті өте дәмді, уылдырығы бағалы келеді, кәсіптік түр, сондықтан кезінде өте көп ауланған. Өзендерде гидротех. құрылыстардың салынуы, суды бей-берекет пайдаланудың әсерінен және ретсіз аулау олардың санын күрт азайтты. А.б. Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген (1996).