АРАЙ — Оңт. Қазақстан обл-ның Мақтаарал ауд-ндағы ауыл, ауылдық әкімшілік округінің орталығы. Облыс орталығы — Шымкент қ-нан 240 км, Шардара су қоймасының оңтүстігіне қарай сексеуіл, кей жерлерде жүзгін, жусан, теріскен аралас өскен шөл белдемінде орналасқан. 1990 ж. дейін Октябрь а. болып аталды. Тұрғыны 1,8 мың адам (1997). Ауылда бұрынғы мақта өсіру кеңшары негізінде кооп. шаруашылықтар мен шаруа қожалықтары ұйымдастырылған. А.ш. машиналарын жөндеу және тех. қызмет көрсету кәсіпорны жұмыс істейді. Ауылда орта мектеп, клуб, кітапхана, балалар бақшасы, т.б. бар. А. ауылы арқылы ауданаралық автомоб. жолы өтеді. Тұрғындары басқа елді мекендермен ауыларалық жолдар арқылы қатынасады.