АРАБ МӘДЕНИЕТІ — ислам дінін ұстанып, араб тілін ғылыми және әдеби тілге айналдырған араб және басқа да халықтар өркениеті. Ғылымда “араб мәдениеті” деген атпен белгілі. Орта ғасырларда Таяу және Орта Шығыста, Солт. Африка мен Оңт.-Батыс Еуропада өркен жайған. Ғылымды дамытуға және оны басқа елдерге таратуға тікелей әсер еткен А. мәдениеті Батыс, Оңг. және Солт. Арабияда туып, қалыптасты. Бұрын сабей тілінде сөйлейтін Оңт. Арабия халқының көне мәдениеті, өзіндік жазуы болған. Сирия, Ливан, Палестина, Ирак елдеріндегі арамей халықтарының мәдениеті сияқты сабей мәдениеті де А. мәдениетінің дамуына негіз болды. 4 ғ. шамасында пайда болған араб жазуы, арамей жазуының дамытылған түрі еді. Шапқыншылық соғыстар нәтижесінде ұлан байтақ империяға — халифатқа айналған Арабиядағы атынас құралы осы жаңа жазуы бар араб тілі болды. Исламды енгізген Мұхаммед пайғамбардың уағызы бойынша барша қауым осы жаңа дінді мойындай отырып ілгері дамуға, жаңа аймақтарға осы бағыттың артықшылығын түсіндіруге, уағыздауға тиіс болды. Халифат құрамына Шығыс, Солт. Африка, Ирак, Ауғанстан, Пиреней түбегінің басым бөлігі, Кавказдың оңт-і мен Солт.- Батыс Үндістан кірді. Осы жерлердегі халықтардың мәдениетімен қоса көне грек, эллин, рим, үнді мәдениетінің жетістіктерін бойына сіңірген, анағұрлым озық мәдениет жасалды. Оған парсылар, сириялықтар, Орта Азия мен Кавказ халықтары зор үлес қосты. Осылайша қалыптасқан А. мәдениеті Батыс Еуропа халықтарына және дүн. жүз. мәдениетіне игі әсер етіп, оған орасан зор үлес қосты. Халифаттағы өндірістің даму қарқыны жаратылыстану және нақты ғылымдардың өркендеуін талап етті. Осыған орай көне грек, эллин ғалымдарының, соның ішінде Эвклид, Птолемей, Аристотель, Аристоксен, Никомах, Аристид, т.б. туындылары үнді математиктерінің еңбектерімен қатар араб тіліне аударылып, араб геометриясы мен астрономиясының, әдебиеті мен өнерінің негізіне айналды (қ. Араб әдебиеті). Жақсы жабдықталған обсерваторияларда ғарышты бақылау жұмыстары одан әрі жүргізілді. Арабтардың астрономия саласындағы еңбектері Еуропа астрономиясының негізін қалады. Осы күнге дейін көптеген жұлдыздардың аттары, ғыл., мәдени терминдер араб тіліндегі атауын сақтап қалған. А. мәдениетінің негізі де, қайнар бастауы да араб философиясы болды. Ізгілік пен рухани жетілуді, парасаттылық пен өнер- білімді дүниедегі басты байлық санаған философтар еңбектері ғылыми ойдың дамуына ықпал етті. 827 ж. араб ғалымдары меридиан шеңберін өлшеп, жердің көлемін анықтады. Негізін үндіден алып, санаудың ондық жүйесін, оның сәйкесті цифрлары мен нөлді пайдаланудың жолын тапты. Тригонометр. функцияны (әл-Баттани, 858 — 929) енгізді. 1- және 2-дәрежелі алгебралық теңдеуді шығарудың бірнеше жолын тауып, бүкіл матем-ның дамуына жол ашты. Мед. ғылымына, оның ішінде офтальмол. саласына айрықша үлес қосты. Соныңнәтижесінде геом. оптика үлкен жетістіктерге жетті. Мед-ның, онымен тікелей байланысты фармаколның қажеттері химияның дамуына жағдай жасады. Алхимия кең тарады. Қатты денені буға, буды қатты денеге айналдыру, кристалдандыру, сүзу тәсілдері де арабтардан бастау алады. Осы негізден Жабир ибн һайян (Гебер, 712 — 815 ж.ш.) араб алхимиясының атасы атанды. Шығыста пайда болған компас, қағаз, оқ-дәрі, т.б. арабтар арқылы Еуропаға тарады. Осы сан салалы ғылым Орта Азияның ұлы ғалымдары Әбу Әли ибн Сина мен Әбу Райхан әл-Бирунидің араб тіліндегі еңбектерінде одан әрі дамытылды және басқа елдерге танылды (қ. Араб медицинасы).
А. мәдениетінің дәуірлеген шағы 8 — 11 ғ. болды. Оның көрнекті үлгілері сәулет және бейнелеу өнерінде көрінді. Мешіт, медресе, тұрғын үйлердің жаңа үлгілері жобалық шешімімен, айшықты өрнектерімен, эстет. әсемдігімен ерекшеленді. Ислам діні адамдар мен жануарларды бейнелеуге тыйым салды.
Бірақ еркін ойлы шеберлер қиялы нәзік өрнектің неше алуан әсем түрін туғызды. Әсіресе, тұрмыста қолданылатын бұйымдарды сәндеудің, қоғамдық ғимараттарды әшекейлеудің алуан түрі пайда болып, оның шырмауық сипатты, геом. бейнелер, т.б. салалары қалыптасты. А. мәдениеті туғызған бұл өрнектер арабеска деген атаумен әлемдік бейнелеу өнерінде қазірге дейін сақталып отыр. Меккедегі Қағба ғибадатханасы, Иерусалимдегі 692 ж. салынған әл-Ақса мешіті (1969 ж. Израиль фанатиктері өртеп жіберген), Дамаскідегі Бани-Омейя мешіті (8 ғ.), тұрмыс-салт тақырыбында әшекейленген Кусейр-Әмре қамалы мен Әмре мешіті (641 ж.). А. мәдениетінің сәулет өнеріндегі озық үлгілеріне жатады. Батыста (Алжир, Испания, Марокко, Тунис) Мавритания өнері аталған сәулет өнерінде тамаша үлгілер туғызды. Оның осы кезге дейін сақталған озық туындысы Гранададағы Альгамбра қамалы. Азиядан тыс жерде А. ө. Египет пен Сирияда өте жоғары дамыды. Әсіресе, Египетте күні бүгінге дейін сақталған ибн Тулун (876 — 879 ж.), әл-Азһар (970 — 972), әл-Хаким (990 — 1013 ж.) мешіттерінің жобалық үлгісі, әшекей-нақышы, құрылыс бөлшектерін өрнек түрінде пайдалану тапқырлығы қазірге дейін таң қалдырады. Каир қ-ндағы осы үш мешітке жұма намазға жиналған бүкіл қала халқы сыйған.Ал 15 ғ-да әл-Азһар мешітінде ашылған кітапханада араб Шығысының мәдениеті мен тарихына байланысты 60 мыңнан астам кітап пен 15 мыңдай қолжазба сақгалған.
Бұл кезеңде мешіттермен қатар керуен-сарайлар, моншалар мен тұрғын үйлер салынған. Орта Азиядан шыққан Насыр-и Хусрау 1046 — 1049 ж. Каирды былай сипаттаған: “Мен Каир қаласында сұлтанның меншігіндегі 20 мыңға жуық ләпкені санадым. Керуен сарайы, монша, т.б. қоғамдық ғимараттар дегеннің саны қисапсыз. Сұлтанның қорғаны Каирдың ортасында тұр. Оның жан-жағы түгел ашық, бір де бір ғимарат оған жанаспайды. Түнде қорғанды 500 атты, 500 жаяу адам күзетеді. Кешкі намаздан соң олар барабан соғып, труба тартып, тәрелке кағып, таң атқанша қорғанды айналумен болады. Сұлтан жер астымен қорғанға атпен кіріп-шыға алатындай жол салынған. Бұл жол қала сыртындағы қорғанға апарады. Қаланың сыртында қамал-қабырға жоқ. Бірақ үйлердің биіктігі қамалдан бетер, әрі берік. Әр ғимарат, сарай, павильон өзінше қорған сияқты. Ғимараттардың көпшілігі 5 — 6 қатар. Қала сарайларының арасында құдық суымен суарылатын қатар-қатар ағаштар мен бақ бар. Сұлтанның гареміндегі ғажайып бақты суаратын гидравликалық дөңгелек орнатылған. Каирдың үйлері бір-бірінен алшақ салынған, сондықтан ешкімнің үйі немесе бағы басқаларға көлеңке түсірмейді. Қаланың бес қақпасы бар: Баб ән-Наср (Көмек қақпасы), Баб әл-Футух (Жеңіс қақпасы), Баб әл-Кантар (Көпір қақпасы), Баб өз- Зүбейлә, Баб әл-Халиг (Канал қақпалары)”. Хусраудың осы жазбасында айтылған муз. аспаптар жайлы деректер классик. араб муз. және оның негізгі ерекшеліктерін тануға мүмкіндік береді. Ислам діні ән мен биге тыйым салған деген тұжырым қалыптасқан. Дегенмен, халифаттың орталығы Дамаскіде, омейядтар әулетінің билігінде болған кезде бұл нағыз ғалымдар мен ақындардың, өнерпаздар мен кескіндемешілердің, сәулетшілер мен каллиграфтардың топтасқан жері болды (қ. Араб әдебиеті). Орта Азиядан өнер іздеп шыққандар алдымен Дамаскіге барған. Арабтың кәсіби муз. зерттеушілері осы кезден белгілі. Солардың алғашқыларының бірі әнші, композитор, аспапта ойнаушы әрі муз. зерттеушісі, “кішкентай тоты құс” деген лақап атпен белгілі Иса бин Абдаллаһ (7 ғ-дың аяғы — 8 ғ-дың басы) алғашқы еңбектерін осында жазған. Сегіз баспалдақты ладқа негізделген араб муз. өздері жаулап алған елдердің муз-мен араласып, өзгеше үнге ие болды. Орта ғ-дағы араб муз. Испанияның, Португалияның муз. өнеріне, кейбір Еуропа елдерінің муз. аспаптарының қалыптасуына әсер етті. Бұл кезде арабтардың муз. ғылымы да жақсы дамыды. Орта ғ-дағы муз. теориясын әл-Кинди, әл-Исфа- һани, Сафи әд-Дин Урмағи, Орта Азиялық Әбу Наср әл- Фараби (“Музыканың ұлы кітабы”), ибн Сина сияқты ұлы ғалымдар муз. туралы трактаттарын араб тілінде жазды. Күні бүгінге дейін сақталған әнші ақындардың, аспаптық муз. дәстүрінің көрнекті өкілдері ибн Сурайж, ибн Айша, Маик ат-Таи Жәмилө (Омейядтар дәуірінен), Ибраһим әл-Маусили (742 — 804) мен оның баласы, Бағдад мектебінің негізін салушы Исхақ әл-Маусили (767 — 850) (Аббас әулеті кезінен) сол кезеңде көзге түсті. Халифат ыдырағаннан кейін Араб муз. Солт. Африка мен Азияда дамыды. Әсіресе, берберлік және арабтық екі тармақты біріктіре дамытқан Алжирде жақсы сақталды. Муз-ның, поэзияның және бидің ажырамас тұтастығы синкретизммен ерекшеленетін Алжир муз-сы 7 ғ-да Араб муз-ның әсерінде болды. 9—15 ғ-да шығыс араб муз. мен андалузия муз-нан құралған андалузия мектебінің әсері қалыптасты. Қазіргі нуба, қасида сияқты муз. жанры сол мектептердің үлгісі. Зерттеу жұмыстарының бәрі де ислам мәдениетінен бастау алып, жан-жақты дамыған А. мәдениеті кейінгі тарихи даму кезеңдеріне ықпал етті. Бр дәстүр араб театрларына ортақ кейіпкер Қаракөздің қатысуымен ойналатын “Жасырын театрда” (11—12 ғ.), мәмлүктер заманыңдағы сәулет өнерінде, бүкіл Орта Азия мен Таяу Шығыстың, Батыс Еуропаның муз-нда жалғасын тапты. 11 ғ-дың ақырына таман халифаттың ыдырауы, салжұқтардың жаугершілігі мен крест жорықтарына қарсы күрес, 13 ғ-дағы монғол шапқыншылығы, 16 ғ-дың басындағы түрік жаугершілігі—20 ғ-дағы Еуропа отаршылдығы А. мәдениетінің дамуын күрт бөгеді. Бірақ кезінде қатты дамып, жан-жақты қалыптасқан А. мәдениетінің Батыс пен Шығысқа еткен әсері өзіндік өшпес ізін қалдырды.