АРАБ МЕМЛЕКЕТТЕРІ ЛИГАСЫ – арабтармекендеген елдерінің өзара ынтымағын нығайтуды, сыртқы саясатын үйлестіруді, тәуелсіздігі мен мүдделерін қорғауды мақсат еткен ұйым.
1945 жылы 22 наурызда әл-Қаһира қаласында құрылған. Құрамында алғаш 5 ел (Мысыр, Ирак, Сирия, Ливан, Иордания) болған, кейінЙемен мен Сауд Арабиясы қосылды. Оған тәуелсіздікке қолы жеткен араб мемлекеттері қабылданып, қазір лига 22 елді біріктіріп отыр. Олар (жоғарыда айтылғандардан басқа):Мавритания, Марокко, Алжир, Ливия, Судан, Джибути, Эритрея, Сомали, Оман, Біріккен Араб Әмірліктері, Катар, Бахрейн, Кувейт, Палестина. Лиганың жоғарғы органы — Сыртқы істер министрлерінің кеңесі. Кеңес жылына екі рет өтеді. Ұйымның тұрақты органдары — Бас хатшылық, Бас хатшы кеңесі; арнайы к-ттерінің (саяси, әскери, заң, қаржы-экон., мәдени, т.б.) штаб-пәтері Египет астанасы — Каирде орналасқан.
Араб-мұсылман эстетикасы — мұсылман әлемі ойшылдарының орта ғасырлардағы араб тілінде жазған еңбектері арқылы қалыптасқан эстетикалық талғамдар мен талаптар жүйесі, адамзат өркениеті тарихындағы Ислам Ренессансы деп аталатын мәдени өрлеу кезеңінің жемісі.
Бұл құбылыстың ілімдік негіздерін жасаушылар қатарында Шығыс перипатетикасының (қ. Перипатеттер мектебі) өкілдері (әл-Фараби, 870 — 950, ибн Сина, 980 — 1037, ибн Рушд, 1126 — 98) тұр. Олар Аристотельдің “Поэтикасына” сүйене отырып, поэтикалық тілді, оның ақиқаттығы не жалғандығына қарамастан, эмоциялық оң және теріс әсерлер туғызатын құрал ретінде қарастырды. Бұл ғұламалар көркем шығармашылықты көне грек тіліндегі “мимесис” (еліктеу) ұғымы арқылы түсіндірді. Көркем шығарма жасаушы табиғатқа еліктеу арқылы қабылдаған бейнесін қиял дүниесімен ұштастырады деп білді. Сопылық бағыт ықпалындағы ойшылдар поэтикалық құбылтулар мен жасампаздық бағытын ұстанды. Араб-мұсылман эстетикасына тән негізгі ұғымдардың бірі — адаб. Ол антик. білімділік принципімен қоса кейінгі гуманизм идеясын да өз бойына сіңіреді. Жалпы алғанда, адабтың эстетикалық мазмұны айқын — ол жоғары құндылықты білдіреді. Әдемілік пен әсемдік — кемел адамды тәрбиелеу мақсатымен тікелей байланысты. Бұл жоғары қасиеттер пендешілік пен пайдакүнемдіктен арылуға себін тигізеді және құштарлық арқылы мінсіз жетілуге әкеледі.Араб-мұсылман эстетикасының өкілдері формалар мен әуендер сұлулығынан ләззат алу — сол формалар мен әуендердің адам табиғатына жақындығынан деп түсіндіреді. Бұл ағымның көрнекті өкілдері — ибн Хазм (994 — 1064) және ибн әл-Хайсам (965 — 1039). Философтар, ақындар әлем сұлулығы мен үйлесімділігі туралы жазды (әл-Фараби, ибн Сина, Омар һайям, ибн Рушд). Сұлулық кейде Пифагор рухында түсіндіріліп, ғарыштың, пластикалық формалардың, түстердің және дыбыстардың жарасымдылығы тұрғысынан қаралды. “Риясыз ағайындылар” энциклопедиясының авторлары, сопылық бағыттағы ойшылдар мен ақындар (ибн әл-Араби, 1165 — 1240, Руми, 1207 — 73) болмысқа ұқсатылып жаратылған бүкіл әсемдік пен көркем құбылыстардың ұштастырылуын эстетик. тұрғыдан баға беру өлшеміне айналдырды. Олар зиялылық пен имандылықты біріктіре білген сұлулықты дәріптеді. Әдебиеттануда өлеңдердің мазмұн, пішіні, дәстүр мен жаңашылдық, көркемдік талғамдар мен нормалардың өзгеруі, эстетик. таным проблемалары үлкен орын алды. Исламдағы бейнелеу өнеріне қойылған шектеулер көркем шығармашылықтың бұл саласын теориялық тұрғыдан жеткілікті зерттеуге мүмкіндік бермеді. Суретші шығармасындағы бояудың тазалығы мен қанықтығы, нәзіктік, үйлесімділік, жеңілдік — шеберлік үлгісі ретінде танылды. Махаббатты, гүлдерді, бақтарды бейнелеген әсем суреттер музыка сияқты көңіл-күйді қанаттандырып, қайғы-мұңды сейілте алады, рухани күш беріп, қажыр-қайратыңды шыңдай түседі деп ойлады. Хұснихат өнері жоғары бағаланды. Орта ғасырлардағы мұсылмандардың эстетикалық идеялары әлемдік эстетикаға үлкен ықпал етті.