АРАБ ЖЫЛҚЫСЫ — ертеден белгілі жылқы тұқымының бірі. Оны қазақтар “араби жылқы” деп атаған. А. ж. 7 ғ-дан белгілі. Ол 15 ғ-дан бастап Еуропада көптеген жаңа жылқы тұкымдарының (таза мініс жылқысы, тракенеп, венгр жылқысы, орлов жел- гіші, т.б.) өсірілуіне себеп болды. Оның айғырларын қазақ халқы өзінің жылқы тұқымдарын жақсартуға пайдаланды. А. ж. ірі емес, шоқтығына дейін биікт. 151,9 см, тұрқы 149,3 см, кеуде орамы 175 см, жіліншігінің орамы 19,2 см. Тұяғы берік, өте сымбатты, ұзақ жүріске төзімді әрі жүрдек келеді. А. ж-ның тірілей салм. 420 кг, сойғанда 54 — 56% таза ет береді, биелерінен 11—15 л сүт сауылады. Шөлге шыдамды, күтім таңдамайды. Қазақстанда таза А. ж. Өсірілмейді. Түпкі нәсіліне тән қасиеттерін сақтаған А. ж. Каспий т. өңіріндегі елді мекендерде кездеседі.