АРАБТАР (әл-араб) — Солтүстік Африка мен Батыс Азиядағы араб елдері халықтарының үлкен тобы. Бахрейнде, Иорданияда, Иракта, Йемен Республикасында, Катарда, Кувейтте, Ливанда, Біріккен Араб Әмірліктерінде, Оманда, Сауд Арабиясында, Солтүстік Сахарада (маврлар), Египетте, Ливияда, Мавританияда, Мароккода, Суданда, Тунисте, Израильде, Палестинада, Түркияда, Иранда, Ауғанстанда, Индонезияда т.б. елдерде тұрады. Араб диаспорасы Батыс Еуропада, Батыс және Оңт. Африкада т.б. елдерде де бар. Жалпы саны 199 млн. адам (1992). Араб тілінде сөйлейді. Араб жазуын қолданады. Діні — мұсылман-сунниттер. Ислам дінінің шейіт, друз, нусайрит, ибадитағымдарын тұтынатындар, христиан-коптар, православие дінін ұстанатындар да бар. Шаруалары (феллахтар) егіншілікпен, көшпелі мал шаруашылығымен, бау-бақша өсірумен айналысады. Б.з.б. 2-мыңжылдықтың 2 ғ-да түйені қолға үйретіп, көшпелі түйе өсірумен шұғылданған. Арабия түбегінің автохтон тұрғындары — бәдәуилер. Алғашқы араб мемлекеттері — Пальмира(Тадмор), Набатц, Лихьян, Гассан, Лахм, Кинда араб тайпаларын бір этносқа біріктіре алмады. Бірігу ислам дінінің пайда болуымен, Араб халифатының құрылуымен аяқталады. 7 ғ-дың 1-ширегінде Арабтардың көп елді бағындыруына орай “араб” этнонимі тұтас бір халықтың атына айналды. 19 ғ-даОсман империясының ыдырауы, 20 ғ-дағыЕуропа отаршылығына қарсы ұлт-азаттық қозғалыс — Арабтардың азат болуына және ұлт болып қалыптасуына тікелей әсер етті.Көшпелі, жартылай көшпелі Арабтардың дәстүрлі баспанасы — ешкі терісі немесе кенептен істелген төрт бұрышты шатыр, отырықшылары каркасты-бағаналы үйлерде тұрған. Шаруалар бір қабатты үй сыртын дуалмен қоршап тастайды. Тұрған жеріне қарай сазбалшықтан, тастан қаланған үйлер, шетеннен тоқылған күркелер де кездеседі. Арабтардың күмбезді діни және қалалық сурет өнері (Дамаск, Бағдат, Каир, Кордова, Иерусалим т.б.) әлемдік өркениет тарихында соны сипатымен ерекшеленеді. Ұлттық киімдері — кең белдемшелер (фута), басқа орайтын шалмалар, жеңсіз желбегейлер, ұзын көйлектер. Әйелдер жүзік, алқа, білезіктер, мұрын сырға, әшекей салпыншақтар тағады. Бәдәуи әйелдерінде беттерін, алақандарын, табандарын бояп сурет-тыртықтар салу ырымы кездеседі. Әйелдері жүздерін бүркеп жүреді. Бәдәуилердің ұлттық тағамы — түйе сүті, бидай, арпа, тары, жүгері наны, құрма. Отырықшылар әр түрлі ботқаларды, ешкі сүтін, қой ірімшігін, жеміс-жидек, көкөністерді мол пайдаланған. Ислам ережелері бойынша арақ-шарап, шошқа еті — харам. Ораза ұстау — парыз. Арабтардың фольклоры, классикалық поэзиясы мен музыкасы жақсы дамыған. Басты саз аспаптары: бубен, барабан, лютня, бір ішекті ыспалы ребаб. Мұнай кеніштерінің игерілуі, өнеркәсіптің дамуы, көшпелілердің отырықшылануы, қала тұрғындарының күрт өсуі Арабтар тұрмысын сәулеттендірді.
Арабтардың Орталық Азияға жорықтары — Араб халифатының 8 ғасырда ислам дінін тарату мақсатында Орта Азия мен Қазақстанжеріне жасаған әскери қимылдары.
633 жылдан басталып, бір ғасырдан астам үздіксіз жүргізген жорықтарының нәтижесінде арабтар оңтүстікте Солтүстік Африкаға ие болды, батысында Францияның Бурбонне аймағына дейін, шығысында Синд (Үнді) өзеніне дейінгі жерлерді бағындырып алып империяға айналды. Қылыш пен Құранға қатар сүйенген арабтар солтүстікке де ұмтылып, Палестина, Сирия, Ирак, Иран, Ауғанстанды жаулап алып, 705 ж. Мауераннахр жеріне басып кірді. Атақты араб қолбасшысы Құтайба ибн Муслим 710 — 712 ж. Бұхара мен Самарқанды, 714 ж. Шаш (Ташкент) пен Фарабты алды. 751 ж. Талас аңғарында, Таразға жақын Атлах қаласының түбінде арабтар мен түркештер арасында зор шайқас болып өтті.
Арабтар қарлұқтармен одақтасып, түркеш әскерін талқандады. Арабтардың әскери жеңістері Батыс түрік, соңынан Түркеш қағандықтарының ыдырауын тездеткен фактор болды. 770 ж. Қарлұқ қағандығы арабтардан жеңіліс тауып, Мұхаммед пайғамбарға бас иді. Араб жорықтарының солтүстікке қарай одан әрі өрістеуіне жауынгер түркі тайпалары қуатты тосқауыл болды. Арабтар шабуылын тоқтатып, қорғанысқа көшті. Талас шайқасы мен Мұқанна (ақ киімділер) қарсылық қозғалысы (776 — 780) басылғаннан кейін арабтардың Орталық Азияға ықпалы негізінен бейбіт сипат алды. Арабтардың Орта Азия халықтарын ислам дініне енгізуі негізінен 8-10 ғ-лар аумағында жүргізілсе, Қазақстан жерінің мұсылман дініне ену үрдісі көп уақытқа созылды. Арабтар үстемдігі халифат құрамына енген Оңтүстік Қазақстан мен Жетісудың жекелеген аймақтарында ғана орнады. Сондықтан исламдану оңт. аймақтарда айқын қарқын алғанымен, Қазақстанның қалған бөлігінде өте баяу жүрді. 10 ғ-да араб жиһанкезі Ибн Хаукал: “Тараздан әрі қарай бірде-бір мұсылманды көрмегенін” жазды. Көшпелі тайпалар, әсіресе, кейін қазақ жұртын құрағандар, соғыс даласында жеңілгенімен, өздерінің төл діни-нанымдарын, Тәңірге сенімін, күнге, отқа, пұтқа табынушылығын, ғұрып-салттарын сақтап қалды немесе ислам рәсімдерімен қатар қолданды. Орталық Азияда исламның орнығуы Мұхаммед пайғамбардың 4 серігі — Әбу Бәкір, Омар, Осман, Әли (Әзірет Әлі) сахабаларының әскери жорықтарымен бірге осы аталған 4 әулие-халифалардың тікелей ұрпақтары — қожалардың діни насихат қызметімен де байланысты болды. Уақыт өте қожалар халық құрмет тұтатын тұлғаларға айналды. Діни уағызды шайқылар (шейхтар), кезбе дәруіштер, сопы-пірадарлар да жүргізді. Арабтардың әсерімен жергілікті елдің өз арасынан да діндар адамдар мен дінбасылар (молда, имам, ишан, қазы, қазірет, әулие, тақуа-дуаналар т.б.) көптеп шықты. Арабтар Орталық Азияның экономикалық өміріне үлкен өзгерістер әкелді. Олардың араласуымен қала мәдениеті өркендеді, халықар. сауда жедел дамыды, Ұлы Жібек жолындағықатынас жанданды. 8 ғ-дан бастап Орта Азия мен Қазақстанның оңтүстігінде мұсылмандардың қамал-бекіністері — рибаттар (рабаттар) салынды. Бұл қамалдардың бір бөлігі кейін ірі қалаларға айналды. Қала тұрғындары арасында ислам дінін қабылдағандардың көбеюіне байланысты Аллаға құлшылық ететін арнайы орындар — мешіттер мен ханакалар салына бастады. Мешіттер рухани орталықтар қызметін атқарды. Кейін мешіттер жанынан арабша сауат ашатын медреселер ашылды. Біртіндеп көне түркі жазуының орнын араб жазуы басты. Түркілер лексикасына араб сөздері кеңінен ене бастады. Хиджра жыл санауы енгізілді. Тұрмысқа жаңа діни мейрамдар қосылды. Қайтыс болған адамдарды мұсылманша жерлеу дәстүрі орныға бастады. Қазақ сахарасында Шығыстың “Мың бір түн” сынды классик. туындылары, исламды дәріптейтін Нұх пайғамбар, Құран хиқаялары, діни аңыздар, “Сал-сал”, “Зарқұм”, “Жүсіп-Зілиха” т.б. дастандары кеңінен тарады. Қазақ даласына исламмен ілесіп дүниені жаңаша тануға бағытталған ғылым мен білім келді. Арабтар Қазақстанға шығыстың озық мәдениеті мен өнерін әкелді. Қазақ жерінде Әбу Наср әл-Фараби сынды әлемдік өркениетке өзіндік үлес қосқан ғұламалар өсіп шықты. Ислам басты дінге айналып, оның қағидаларын орындаушылардың қатары көбейді. Мұсылмандардың қасиетті кітабы — Құрандықұрметтеуге үйретіп, бір Аллаға бой ұсындырған жаңа дін түркі тілді жұрттардың туысқандық бірлігін нығайта түсті. Кейін ислам діні түркі халықтарын жаппай орыстандыру әрекетіне қалқан болды. Орталық Азияның арабтар арқылы ислам өрісіне тартылуы түркі жұртының әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени даму үрдісін жеделдеткен фактор болды.