АРАБАЕВ Ишеналы (Ишанғали)

АРАБАЕВ Ишеналы (Ишанғали) (1882, қазіргі Қырғыз Республикасы, Кочкор ауд. Күнбатыш қыстағы — 7.06. 1933, Ташкент) — қырғыз ағартушысы, қоғам қайраткері. “Орыс-түзем” мектебін, “Ғалия” (Уфа) медресесін бітірген, “Хусаиния” (Орынбор) медресесінде оқыған. Төрт Күл, Нарын, Қаракөл кантондарында мектептер ашқан. 1911 ж. Қазан қ-нда ақын Молда Қылыштың (Молдо Кылыч) “Зілзала” қиссасын, Уфадағы “Шарқ” (Шығыс) баспаханасынан қазақ ағартушысы Қ.Сәрсекеевпен бірігіп жазған “Әліппе яки төте оқу” (қазақ және қырғыз тілдерінде аралас) кітабын, 1912 ж. Орынборда таза қазақ тілінде “Жазу өрнектері” атты оқулық шығарды. А. Байтұрсыновтың ықпалымен қазақ басылымдарының белсенді авторы болды (әдеби бүркеншік аты — “Қырғыз”). 1916 ж. қырғынға ұшыраған елін бастап Қытайға қоныс аударып, 1917 ж. қайта оралды. А-тың “Бейшара қырғыз бауырларынды ұмытпаңдар” (“Қазақ”, 1917 ж. 17 маусым) деген хаты қырғыздарға қазақ жұртшылығы тарапынан жәрдем беруге түрткі болды. Сол жылы А. Садықов, Қ. Тыныстановпен бірге “Алаш ” партиясының Бішкектегі бөлімшесін ұйымдастырды. 1920 — 23 ж. Алматыда, Жетісу обл. “Қосшы” одағы төрағасының орынбасары қызметін атқарды. 1923 ж. X. Досмұхамедовтың шақыруымен Ташкентке келіп, Түркістан АКСР-ы Ғылым орталығының жетекшісі болды әрі Орта Азия ун-тінде қазақ тілінен сабақ берді. А. — 1924 ж-дың маусымында өткен қырғыз-қазақ білімпаздарының І-съезін ұйымдастырушылардың бірі. 1926 ж. I түркітану съезіне (Баку) қатысты. Ол қырғыз халқының өзін-өзі билеу хұқын іске асыруға көп күш салды. 1924 ж. Қарақырғыз автон. обл. құрылғанда облревком мүшесі және обл. ғылым комиссиясының төрағасы болды. А-тың Байтұрсынов үлгісімен жазған “Қырғыз әліппесі” (Ташкент, 1924) қырғыз мектебіне арналған тұңғыш оқулық болды. Ол қырғыз тіліндегі алғашқы газет — “Еркин тооның” (“Еркін тау”) редакторы, “Манас” эпосының қағазға түсуіне басшылық жасап, “Семетей” жырын жазып алып, алғаш жарыққа шығарды. 1925 ж. Ресей Компартиясының Қырғызстандағы саясатын сынға алған “отыздың мәлімдемесі” аталған құжаттын авторы ретінде қуғынға ұшырады. 1933 ж. “Тұран әлеуметтік партиясының” ісі бойынша тұтқындалып, түрмеде белгісіз жағдайда қаза тапты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *